Қазақстанда қалай ломбард ашуға болады?

Жарияланды
Бұл қаншалықты тиімді бизнес саналады?

Кәсіппен айналысқысы келген адамның басына күн сайын түрлі идея келетіні сөзсіз. «Бір нәрсемен айналысу керек еді» деп жүргендердің ішінде ломбардты кәсіп қылғысы келіп жүргендер болса, бизнес ретінде қаншалықты табысты, ашу үшін қандай шарттар бар — осы туралы толығырақ түсіндіргенді жөн көріп отырмыз.

Ломбард ашу қаншалықты тиімді?

Жалпы алғанда Қазақстанда ломбард ашу процесі аса қиын емес. Дегенмен кәсіппен айналысуды көздеген адам алдымен жан-жақты зерттеп, сараптап алғаны құп. Әдетте дағдарыс кезінде бизнестің біраз түрі қиын-қыстау күн кешеді. Мұны пандемия кезінде жақсы байқадық. Әйтсе де, енді бір кәсіп түрлері керісінше жандана түседі. Ақшадан қысылған жұрт ломбард жайлап кететіні бар. Сол жағынан алғанда кәсіпкер ретінде бұл бизнес түріне қызығушылық тууы заңды. Ломбард бизнесі елімізге 90-жылдары енген еді. Кейін жағдай тұрақтала бастағанда қолданыс аясы тарылған. Себебі банктер кредит бере бастаған соң бұл жағынан бәсеке мықты болды. Бірақ соған қарамастан әлі де өзекті. Әсіресе, банктер кредит бермей қойғанда соңғы алтынын салып жіберетіндердің мысалы өте көп. Ашу оңай болғанымен, жүргізу жеңіл деуге келмейді. Сол себепті енді бастаған кәсіпкерлерге бірден ломбардтан бастау қиын. Өйткені мазасыз бизнестің түрі. Үнемі бір мәселелерді шешіп жүру керек болады. Ебін тапқан адамға әжептәуір табыс әкеледі. Десе де екінің бірінің қолынан ломбард кәсібін жүргізу келе бермейді.

Ашу үшін не істеу керек?

 Әлбетте, ең алдымен бизнес-жоспар жасаудан бастайсыз. Ломбард ашу жолы әдеттегі кәсіп түрлерінен басқашалау екенін ескеріңіз. Заң ұйымдарының ломбард кәсібіне қоятын арнайы талаптары бар. Оны мүлтіксіз орындауыңыз қажет. Егер қандай да бір заң бұзатын болсаңыз, артылатын айыппұл көлемі едәуір қалта қағатын сомаға ілігесіз. Ал олай болмасын десеңіз, мүмкін болатын барлық ньюансты қарап шығып, шемішкедей шағып тұрғаныңыз дұрыс. Ломбард қызметін жүзеге асыру үшін ЖШС тіркеу қажет. Аталған қызмет түрі    Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттеледі   (ҚР АК 328 бабы). Ломбардтар өз қызметін ломбардтың жоғары органы бекітетін Ломбард операцияларын жүргізу ережелері болғанда ғана жүзеге асырады және онда мынадай ақпарат көрсетілуі қажет:

  1. Берілетін кредиттердің шекті сомалары мен мерзімдері;
  2. Берілетін кредиттер бойынша бекітілген сыйақы ставкаларының шекті шамалары;
  3. Операциялар жүргізгені үшін бекітілген ставкалар мен тарифтер;
  4. Ломбардтың және оның клиенттерінің құқықтары мен міндеттері, олардың жауапкершілігі;
  5. Кепілге салу билетін жоғалтқан жағдайда кепіл берушіге дубликаттар беру тәртібі;
  6. Өзге де талаптар қамтылуға тиіс.

Ломбардтар Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңында белгіленген тәртіппен қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органды өз қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар етуге міндетті. Ломбард операцияларын жүргізу ережелері клиенттер көре алатындай жерге орналастырылуға тиіс. Бұл ережелерден басқа ломбардта ішкі ережелері болуы керек. Онда:

  • Ломбард бөлімшелерінің құрылымы, міндеттері, функциялары мен өкілеттері;
  • Ішкі аудиттің, кредиттік комитетінің және өзге тұрақты әрекет ететін органдардың  функциялары мен өкілеттіктері    (олар болса);
  • Құрылымдық бөлімшелер басшыларының  құқықтары мен міндеттері;
  • Ломбард атынан және оның есебінен мәмілелер жасаған кезде ломбардтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің  өкілеттіктері белгіленеді.

Ломбардтардың қызметін құқықтық реттеу  

Ломбардтардың қызметі туралы негізгі ережелер Азаматтық кодекстің 328 бабымен  регламентелген. Осылайша, осы баптың 1-тармағына сәйкес, қысқа мерзімді қарыздарды қамтамасыз ету үшін азаматтардан жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлікті кепілге қабылдауды ломбард ретінде тіркелген заңды тұлғалар кәсіпкерлік қызмет ретінде жүзеге асыра алады, олардың қызметінің айрықша түрі:

  1. Жылжымалы мүлікті кепілге алу арқылы қысқа мерзімді қарыздар беру;
  2. Құрамында қымбат бағалы металдар мен қымбат бағалы тастар бар зергерлік бұйымдарды есепке алу, сақтау және сату.

      Сонымен, ломбардтағы операциялар негізінде қарыз берумен, қымбат металдар мен тастарды, автокөлікті, тұрмыстық заттарды және т.б. сатып алумен, сақтаумен , байланысты.

ЖШС ретінде тіркелу  

2006 жылдан бастап Лицензиялау туралы заңнамаға енгізілген түзетулер нәтижесінде Қазақстандағы ломбард қызметі лицензияланбайды. Заңды тұлғаны тіркеу туралы  куәлікті алу үшін алдымен сізге ЖШС ретінде тіркелу қажет. ЖШС ретінде «электрондық үкімет» порталы арқылы» онлайн тіркелуге болады. Ол үшін сізге  «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілеттіктерін есептік тіркеу» қызметін пайдалану қажет, немесе куәлікті Халыққа қызмет көрсету орталықтары  арқылы ала аласыз (НАО «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕАҚ).

Қанша қаражат қажет?

      Кез келген кәсіп түрін бастар кезде оған шамамен қанша қаражат керегін есептеу керек. Ол үшін кәсіпкер:

  • Ломбард ашуға қанша кететінін біліп алу керек;
  • Қандай шығындар болуы мүмкін екенін анықтауы қажет;
  • Ұйымдастыруға кеткен шығындарды жауып, табыс түсіп отыруы үшін қандай көлемде қарыз алу керегін анықтауы керек.

      Шамамен айтатын болсақ, желідегі дайын бизнес-жоспарларға сүйенсек, 15 мың доллардан астам қаражат қажет болуы мүмкін екен. Бұл соманың ішінде жалға алынған ғимараттың ай сайынғы төлемі, жүргізілетін қажетті жөндеу жұмыстары, керек техникалар, жиһаздар, арнайы инвентарь, сейф, жарнама материалдарын әзірлеу және дайындау кіреді. Одан бөлек, кәсіпкердің қалтасында клиенттерге қарыз бере алатындай белгілі бір көлемде қаражат болуы тиіс.

      Түсініктірек болуы үшін мысал түрінде көрсетсек. Ұйымдастыру жұмыстарына 330 мың доллар кеткен үлгіні қарастырып көрелік. Оның ішінде 315 мың доллар қарызға беруге арналған болса, қалғандары өзге де шығындарға кетеді. Ай сайынғы шығын түрлеріне келсек:

  • Ғимаратты жалдау — 4400 доллар;
  • Қызметкерлердің жалақысы — 9400 доллар;
  • Бухгалтерлік есеп, сақтандыру, жарнама және өзге де шығындарға — шамамен 6200 доллар.

     Сонда ай сайынғы шығын шамамен 25000 доллар болады деген сөз. Жалпы алғанда нарықта талай жылдан бері істеп келе жатқан ломбардтардағы мөлшерлемелерге талдау жасай келе мөлшерлеме орта есеппен 10 пайыз болса, шығындарды жауып отыру үшін 275000 долларға ай сайын қарыз беріп отыруы керек. Ал енді ашқан кәсібі шығынды жауып қана қоймай, табыс әкелуі үшін күнделікті берілетін қарыз көлемі әлгі сомадан әлдеқайда көп болуы керек. Осы сала мамандарының айтуынша, аталған нәтижеге жету үшін ломбардқа күнделікті 40-50 адам бас сұғып тұратын болуы керек. Бір айта кетерлігі, шығынсыз, табысқа шығы алуға уақыт керек. Ал ол өз кезегінде қай жерден ашқаныңызға, жарнаманың қандай түрін пайдаланатыныңызға, бәсекелестеріңіздің санына да тікелей байланысты. Сондай-ақ, салған ақшасын ақтауы тұрғындарға берілетін қарыз санына да қарайды. Неғұрлым көп адам қызметіңізді пайдаланған сайын ақталуы тезірек болады.     

Ломбардтың жұмыс істеу принципі қандай?

Кәсіп бастамас бұрын бірінші жұмыс істеу принципін жақсы білуіңіз керек. Сол үшін кәсіпкерге де, қарапайым оқырманға да ломбардтың қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп көрелік. Ең алдымен клиент ломбардқа қоятын затын әкеліп, көрсетеді. Сөйтіп сол жерде тауар бағаланады. Кейде бағалау үшін арнайы маман кірістірілуі мүмкін. Қарап болған соң брокер объект бойынша ұсыныс жасайды. Ол ұсыныс қазір сату алу үшін қолма-қол ақша түрінде де, болмаса кредитке де ұсынылуы мүмкін. Егер қарызға болса, онда кепіл беруші шарттарды түсіндіріп, құжаттарды рәсімдейді. Барлығын дұрыстап толтырып болған соң, затты қолма-қол ақшаға айырбастайсыздар. Кепіл беруші белгіленген күнге дейін қолма-қол ақшамен келетін болса, өзінің затын қайтып алады. Әрине, ол мерзімде қосылған пайыз болатыны белгілі. Ал енді келісілген уақытта ақша әкелмеген жағдайда әлгі зат брокерде қалады.  

Келіссөзді қалай жүргізу керек?

     Өсім алушымен келісетін кезде есте ұстайтын жайттар бар. Ломбардтың есігін ашпас бұрын қолыңыздағы заттың негізгі құны қанша екенін және қазір қаншаға сатқыңыз келетінін ойша біліп барыңыз. Сондай-ақ, келіссөз барысында көп сөйлей бермеген дұрыс. Өйткені сіздің қылықтарыңыз бен өзіңізді ұстауыңыз брокердің ұсынысына тікелей әсер етуі мүмкін. Егер сіз қалаған соманы бермесе, басқа дүкенге барып көрсетіп көрсеңіз болады. Брокерге алғашқы ұсыныс тастап, соманы айтқан кезде негізгі сатқыңыз келетін сомадан азырақ айтқан дұрыс.  

Сондай-ақ оқыңыз