Ұялы байланыс операторлары қаржы нарығына шыға бастады

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Қазақстанда ұялы байланыс операторлары қаржы нарығына шығып, қаржылық қызметтер ұсына бастады. 2023 жылдың наурыз айының соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда 24,6 миллион ұялы байланыс абоненті бар үш оператор қызмет көрсетеді екен.
Ұялы байланыс нарығы жоғары қарқынмен дамып келеді. Операторлар дәстүрлі қызметтермен қатар, мобильді теледидар мен музыка қызметтерінен бастап «интернет заттарын» ұсына отырып, толық жүйелік интеграцияға көшкен. Бұл ретте тұтынушылар арасында мобильді қаражат ұстау, кең ауқым алып барады.
Елдегі барлық ұялы байланыс операторлары өз абоненттеріне және басқа да тұтынушыларға өзінің қаржылық өнімдері мен қызметтерін ұсына бастады.

Оның ішінде кең тарағаны – төлемдер мен аударымдар. Бүгінгі күні ұялы байланыс операторларының қызметтері арқылы азаматтар коммуналдық төлемдерді, сондай-ақ ақша аудару және алу операцияларын жүзеге асыра алады. Жылдан жылға мобильді төлемдер көлемі артып келеді, бұл өз кезегінде осындай қызметтерге сұраныстың артқанын көрсетеді. Мәселен, 2022 жылдың соңында интернет арқылы жасалған тауарлар мен қызметтер үшін барлық төлемдердің жалпы санындағы ұялы байланыс төлемдерінің үлесі 29,8% құрап, рекордтық көрсеткіштерге жетті. Ал 2017 жылы ұялы байланыс операторларының үлес 19,2% құраған. Бұл қазірдің өзінде үлкен көрсеткіш саналады. Ал бес жыл ішінде өсім 10 пайыздық көрсеткішке көтерілген.

Қазақстандағы мобильді қаржының дамуы мұнымен тоқтап қалмайды. Мысалы, Kcell ұялы байланыс операторы Mastercard халықаралық төлем жүйесімен және Jusan Bank-пен серіктесе отырып, OGO Bank атты neobank-ті іске қосты. Оған кең ауқымды бағдарламасы бар кобрендтік карталар, төлемдер, аударымдар, банктік депозиттер, несиелер және тағы да басқа қызмет түрлері кірген.
Мобильді төлемдер қазірдің өзінде еліміздің барлық аймақтарында жиі қолданылады. Ең көп пайдаланатын аймақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары. Ол өңірлерде мұндай төлемдердің үлесі 50 пайызды құрайды. Сонымен бірге мобильді төлемдер бойынша көшбасшылар қатарында еліміздің мегаполистері – Алматы мен Астана да бар. Мобильді қаржыландыруды дамыту және необанктерді құру бүкіл әлемде танымал және өсіп келе жатқан үрдіс саналады. Қазірдің өзінде ірі ұялы байланыс операторлары бұл мүмкіндікті белсенді пайдаланып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз