Отандық  уранды Ресейге түрлі жолдармен тықпалай беруден ұтатын еш нәрсе жоқ

DAMU Capital Management компаниясының бас директоры

Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясындағы «Росатомның» өндіру үлесі – 21%, ал қордағы үлесі – 27% .  «Росатом» Ресейдің өзінде жылына 2,5 мың тонна уран өндіреді. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш жыл сайын азайып келеді. Бұл олардың кен орындары таусылып, біздің уранды экспорттауды бастағаны дейді. Қазіргі таңда геосаяси жағдайға байланысты Ресейдің Қазақстаннан басқа елде уран активтері жоқ. 2022 жылы көршіміздегі уран өндірісінің көлемі 4 мың тонна болды. Бұл көрсеткіш тағы да өсе түсетін секілді. Себебі, жақында «Росатом» біздегі тағы бір кен орнының қомақты үлесін сатып алды. Ол әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі «Буденовское». Ресейліктер аталған кен орнының 49% -ына иелік ететін болды.  

– Біздің уран өндірісі саласы шынымен де уақыт өте келе Ресейдің меншігіне өтіп жатыр. Қазатомпромның бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев те түрмеге отырып шыққан шын себебі де сол сияқты. Ол біздің ел Ресейдің шикізат көзі болмай, атом электр станцияларына арналған дайын өнім шығаруды көздеді.

Дүние жүзі қазір баламалы энергия көздеріне ауысып жатқандықтан, алдымыздағы жылдарда атом өнеркәсібі стратегиялық маңызы бар сала ретінде ерекше орын алады. Себебі күн, жел, су энергиясы табиғатқа байланысты тәуелді болады, және бұл энергия көздері тұрақсыз деп саналады. Сондай-ақ, оны сақтау мен тасымалдау қиын. Ал атом энергиясы тұрақты, өте қуатты және аз шикізат қажет етеді.

Ресейге келетін болсақ, оның мұнай және газ экспортының мүмкіндіктері шектелді. Қазіргі уақытта уран өндірісі ресейлік бюджеттің маңызды көзі болып отыр. Сонымен қатар «Росатом» Түркия, Египет, Иран және тағы басқа елдерде атом электр станцияларын салып жатыр, немесе салуға дайындалып жатыр. Ал атом станциялары үшін көп уран керек.  Ресейдің өзінің уран кен орындары таусылуға жақын. Яғни өз электр станцияларын және шетелде салып жатқан станцияларды қамтамасыз ету үшін Ресейдің өз шикізаты жеткіліксіз екенін көріп отырмыз.

Біздер негізі осы сәтті пайдаланып, уранды Ресейге қымбатқа сатып, немесе дайын АЭС шикізатын ұсынып, табыс табуды ойластыруымыз керек еді. Сондай-ақ Ресейдің осы осал тұсын оларға ықпал ететін стратегиялық тетік ретінде қолдануға да болар еді. Ал, біз керісініше кен орындарын жайдан-жай аз ғана бағаға беріп отырмыз. Нақты мысал айта кетер болсам «Буденовское» кен орынындағы 49 пайыз активті 1.2 милииард долларға ғана саттық. Әлемдік биржадағы бағамен есептер болсақ оның негізгі құны бұдан кемі 5 есес көп болуы тиіс еді. Екінші жағынан Қазақстан қолында осындай тетік болса, онда Ресей де Қазақстан мұнай экспортына шектеу қоюға ойлануға мәжбүр болар еді деп ойлаймын. Ресейді бізге ең болмаса осы салада тәуелді етсек, басқа салалардағы тәуелділігіміздің бір бөлігін азайтатын едік. 

 Тағы бір мәселе Росатом шетел санкциясына іліксе, онда олар өз атом технологияларын сыртқа шығара алмайды. Станцияларын сала алмаса, онда шикізат та көп қажет болмайды. Ондай жағдайда Ресей не бізге уран экспортын өсіруге жол бермейді, не өзі де сыртқа шығара алмай қалады. Себебі санкция Қазақстанға салынбаса да, егер шикізат көздерінің иесі санкция астындағы ресейлік компания болса, онда ол шикізат бұғатталып қалады.   

Қазақстан уранын ресейге түрлі жолдармен тықпалай беруінен    ұтатын еш нәрсесі жоқ. Егер сатамыз не бірігіп өндіреміз десек, әлемнің көшбасшы атом елдерімен серіктес болуға мүмкіндік болды. Бізге қай жағынан алып қарасақ та сол тиімді әрі қаупсіз болер еді. Мысалы Франция, Оңтүстік Корея, АҚШ, Жапония сияқты елдермен бірлесе отырып, оларға шикізатқа жол ашып, ал олар бізге технологияларын беріп, атом станциясын тұрғызып берсін деп келіссе болатын еді. Осы орайда санкция астындағы «Росатомға»  енді Қазақстанда атом станциясын салғызуға мүлде мүмкіндік бермеу жағын ойлануымыз керек. Олай болған жағдайда ондаған жылдарға Қазақстанның Ресейге тәуелділігі арта түседі.

Ал уранның үстінде отырып, атом энергиясын қолданбауға да болмайды. Оны тұрақты энергия көзі ретінде көрші Орта Азия елдеріне сатып отырсақ, осы аймақтағы стратегиялық басымдыққа жол ашылатын еді.