БЖЗҚ портфеліндегі Air Astana акцияларын таяу арада сатпайтынын мәлімдеді

Жарияланды (жаңартылды )
ЕНПФ
фото Асқар Ахматуллин

Ұлттық Банк ақпан айында БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен Air Astana-ның қарапайым акцияларын бастапқы орналастыруға (IPO) қатысты. Нәтижесінде 24,9 млрд теңге зейнетақы қаржысына Air Astana-ның қарапайым акцияларын сатып алған еді.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов БЖЗҚ Air Astana қарапайым акцияларын инвестициялау түбінде нәтиже беретініне сенетінін айтты.

«БЖЗҚ ғана акцияларды  сатып алған жоқ, тапсырыстар кітабы үш есе асып түсті, яғни инвесторлар көп болды», – деді ол.

Ақылжан Баймағамбетов БЖЗҚ-ны сенімді инвестор деп көрсетті. Ол бұл ұзақ мерзімді сауда екенін, бірнеше күнде нарықты бақылап, одан шығып кететін алыпсатарлық ұстаным жоқ деп нақтылады. Акцияларға қатысты нақты  болжам жоқ. БЖЗҚ брокерлік компаниялардың ұсыныстарын ескереді.

Ұлттық банктің тәуекелге дайын екенін де атап өтті.

«Қор нарығындағы инвестициялар әрқашан өседі не құлдырайды. Тағы да айтамын, БЖЗҚ ұзақ мерзімді перспективаға қадам басты және ұзақ мерзімді перспективада бұл акциялар өседі деген үміт бар. Әрине, сату керек пе, сатып алу керек пе, нақты ұсынымды білу үшін сарапшыларға жолыққан дұрыс.  «Эйр Астананың» акциялары өсіп келе жатқан компанияның акциялары ретінде сатып алынды. Оның қаржылық нәтижелері бір тоқсанда төмендеп кеткендіктен, бұл компанияның бүкіл акциясы тиімді емес дегенді білдірмейді», – деді ол.

Air Astana 2024 жылдың I тоқсанында 5,2 млрд теңге шығынға ұшырады. Осыған қатысты компания түсініктеме берді. Тасымалдаушы таратқан ақпаратқа сүйенсек, I тоқсан әлемнің көптеген әуе компанияларында сұраныс төмен болған. Тиісінше, авиакомпаниялар  шығынға ұшыраған.

«5,2 млрд теңге мөлшеріндегі шығын көбінесе 2024 жылдың I тоқсанында IPO өткізуге шамамен 2,8 млрд теңге сомаға бір реттік шығынға байланысты. Сондай-ақ 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы нәтижеге Ресейдегі ішінара мобилизациялау байланысты 2,3 млрд теңге мөлшеріндегі кірістің ұлғаюы айтарлықтай әсер еткенін ұмытпау керек. 2024 жылы Ресей азаматтары легінің жағдайы өзгерді», – деп хабарлады Air Astana АҚ-ның Корпоративтік коммуникациялар бөлімі.

Сондай-ақ оқыңыз