Freedom Holding Corp. AIX-те қарапайым акцияларын орналастырды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Freedom Holding Corp өз акцияларының кросс-листингін жасады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Freedom Holding Corp. («FRHC») қарапайым акциялары Astana International Exchange (AIX) биржасының ресми тізіміне енді. Бұл туралы AIX-тің баспасөз қызметі хабарлайды.

Холдинг акциялары (ISIN: US3563901046) «FRHC» тикерімен саудаланады. Бағасы АҚШ долларымен белгіленіп, доллармен саудаланады. Қарапайым акциялар Nasdaq Capital Market пен AIX арасында толығымен өзара алмасады.

Freedom Finance Global Директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Лукьянов AIX листингі компания клиенттері мен Қазақстандағы жеке инвестолар үшін жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Біздің акцияларымызды АХҚО-ның AIX биржасында листингке қосу — бұл біздің компания үшін өте маңызды қадам. Біздің стратегиямыз Қазақстанның инвестициялық әлеуетін дамытуға және арттыруға бағытталған. AIX листингі біздің клиенттеріміз бен Қазақстанның жеке инвесторлары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Сергей Лукьянов

Freedom Holding Corp. – қаржылық қызметтер ұсынатын, брокерлік қызмет, бағалы қағаздармен сауда, инвестициялық зерттеулер, инвестициялық консультация беру, инвестициялық банктік және андеррайтингтік қызметтер, ипотека, сақтандырумен айналысатын әртараптандырылған компания. Бақылау пакетінің иесі – бизнесмен Тимур Турлов компанияның 69,84% акциясын иеленеді.

Компанияның штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан, ал оның бөлімшелері мен еншілес компаниялары Қазақстан, АҚШ, Кипр, Польша, Испания, Өзбекстан және Әзірбайжан сияқты 20 елде орналасқан. Холдинг 2024 қаржы жылында 375 млн доллар таза пайда тапты. Холдингтің 2024 қаржы жылындағы (2023 жылдың 1 сәуірінен 2024 жылдың 31 наурызына дейін) түсімі рекорд жасады. Осы қаржы жылындағы түсім 1,6 млрд долларды құрап, 2023 қаржы жылымен салыстырғанда 105% өсім көрсетті.

Қазіргі уақытта AIX биржасында холдингпен қатар, 13 компанияның жай акциялары орналастырылған. Олардың қатарында «Эйр Астана», KEGOC, «Колеса», «Халық банк», Kaspi.kz, Solidcore (бұрынғы Полиметалл), «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп» және т.б. бар.

Сондай-ақ оқыңыз