Ұлттық қордың валюталық активтері 342 млн долларға қысқарған
2024 жылғы шілдеде Қазақстан Ұлттық қорының валюталық активтері 342 млн долларға қысқарған. Ұлттық банк халықаралық резервтер мен Ұлттық қор валюталық активтерінің статистикасын жариялады.
Соған сәйкес, ҚР Ұлттық қорының активтері 2024 жылдың маусым айымен салыстырғанда 0,55%-ға азайып, 61,15 млрд долларды құрады. Алдыңғы айда Ұлттық қор активтері 61,49 млрд долларға тең болған. Статистикадан 2024 жылдың басымен салыстырғанда қор қаржысы 1,87%-ға өскені байқалады.
Ал Қазақстанның таза халықаралық резерві 100 млрд доллардан асты. Экономист Ғалымжан Айтқазин бұл 2015 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш екеніне назар аударады.
Ұлттық банктің алдын ала дерегі бойынша, шілдеде Қазақстанның таза халықаралық резерві 100,8 млрд долларды құраған. Оның арасында айналымдағы валютадағы активтер, монетарлық алтын және ҚР Ұлттық қорының қаржысы бар. Маусым айында бұл көрсеткіш 99,4 млрд доллар болған.
Шілде айында елдің таза алтын-валюта резерві 39,7 млрд долларға дейін жеткен. Осы айда алтын-валюта резервіндегі алтынның үлесі 55%-ға дейін азайып, ал айналымдағы валюта активтерінің үлесі 45%-ды құрады.
2024 жылдың маусым айынының нәтижесінде Қазақстанның халықаралық резервтері алдыңғы аймен салыстырғанда 0,29%-ға, жыл басымен салыстырғанда 11,1%-ға өскен болатын.
Халықаралық резервтер (алтын-валюта резерві) – ҰБ қарамағындағы және бақылауындағы өтімділігі жоғары шетелдік активтер. Бұл резервтер әдетте шетел валютасын ұстау, арнайы қарыз алу құқығы, ХВҚ-дағы резервтік позиция және монетарлық алтыннан тұрады. Мемлекет оны төлем балансы тапшылығын қаржыландыру, ұлттық валютаның бағамын ұстап тұру, сыртқы мемлекеттік қарызды жабуға пайдаланады.