Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Инфляция Ұлттық болжамына сай қалыптасты
Жылдық инфляция 2024 жылғы шілдеде 8,6%-ға дейін өсіп, Ұлттық Банктің болжамы шегінде қалыптасты.
«Осы жылғы шілдеде инфляция аздап өсті. Дегенмен Ұлттық Банктің болжамы аясында қалыптасты. Айлық инфляция мен оның орнықты бөлігі едәуір қарқын алды. Халықтың инфляциялық күтулері маусым айында өскеннен кейін өзгеріссіз қалды», – деп түсіндірді шешімін бас банк.
Айлық инфляция шілдеде орташа тарихи мәнінен (0,3%) едәуір жоғары қалыптасып, 0,7%-ға дейін өсті.
Мұнай бағасына қатысты болжам қандай?
Ұлттық банк базалық сценарийінде Brent маркалы мұнай бағасы 2024 жылы орта есеппен 1 баррель үшін 84,5 доллар деңгейінде тұрақтанады деп болжады.
«БұғанОПЕК+ мұнай өндірісін қысқартуды ұзартуы, АҚШ-тағы өндіру көлемінің бірқалыпты өсуі және Таяу Шығыстағы геосаяси белгісіздік негіз болды. Ортамерзімді перспективада мұнай өндірісінің өсуін және әлемдік экономиканың даму болжамдарын ескере отырып, мұнай бағасының 2025 жылы орта есеппен 82,5 долларға дейін және 2026 жылы орта есеппен 77,5 долларға дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі», – деп хабарлады бас банк.
Биыл ел экономикасы 3,5-4,5% дамиды
Бас банктің хабарлауынша, 2024 жылға Қазақстан экономикасының өсу болжамы 3,5-4,5% деңгейінде, 2026 жылға – 4,9-5,9% деңгейінде сақталды. 2025 жылға болжам 5-6%-ға дейін өсті.
«2024-2026 жылдары ЖІӨ-нің өсуі негізінен ішкі сұраныс есебінен, оның ішінде фискалдық ынталандырудың өсуі аясында қамтамасыз етілетін болады. 2025 және 2026 жылдары экономиканың өсуіне өндірістің ұлғаюы нәтижесінде мұнай секторы да қолдау көрсетеді», – деп хабарлады
Бұған дейін, ҰБ Ақша-несие саясаты комитетінің шілдедегі отырысында базалық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдаған. Осылайша көрсеткіш 14,25% деңгейінде қалыптасты. Реттеуші бұл шешімін Қазақстандағы инфляциялық үрдістердің баяулауымен байланыстырады.
Ал Halyk Finance талдау орталығының сарапшылары жыл соңына дейін базалық мөлшерлеменің оңтайлы деңгейі 13,5% болуы шарт деп есептейді.
Жыл басында 15,25% құраған базалық мөлшерлеме біртіндеп төмендеп келеді.
Негізгі көрсеткішке қатысты шешімді Ұлттық банк жылына 8 рет қабылдайды. 2023 жылы базалық мөлшерлемені жыл басындағы 16,75 пайыздан 15,75 пайызға дейін бірте-бірте төмендетті.