Ұлттық қордан трансферттер мен валюта саудасының ұлғаюына қарамастан теңге бағамы нығаяр емес – Halyk Finance

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Теңге бағамы өзгере ме? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қыркүйекте Ұлттық банк биржада 686,5 млн доллар сатты (тамыз 564,5 млн доллар). Валюта саудасының ұлғаюына қарамастан доллардың теңгеге шаққандағы бағамы өзгеріссіз қалды. Оған не себеп? Бұл туралы Halyk Finance талдау орталығының сарапшылары Мұрат Темірханов пен Мадина Қабжалалова жазды.

2024 жылғы қыркүйекте доллар/теңге бағамы 479-481 арасында құбылып, ай соңында 481,11 (тамызда 481,61) деңгейіне дейін аздап нығайды. Қыркүйекте орташа бағам 479,88 болды. Бұл тамыздағы орташа мәннен сәл жоғары – 478,28. Қазақстан қор биржасындағы жалпы сауда көлемі 4,7 млрд долларды құрады және тамыз айындағы көрсеткіштен сәл асты (4,4 млрд доллар).

Қыркүйекте Ұлттық Банк биржада 686,5 млн доллар сатты (тамыз 564,5 млн доллар). Ұлттық банктің биржада валютаны таза сату көлемінің ұлғаюына қарамастан доллардың теңгеге шаққандағы бағамы өзгеріссіз қалды.

«Біздің ойымызша, Ұлттық қордан валюта сатудың тұрақсыздығына байланысты нарық субъектілері мен халықтың ұлттық валютаға деген сенімі төмен. Қазанда Үкіметтің бюджетке аударымдар бойынша өтініміне сәйкес Ұлттық қордан шетел валютасын саудасы күр артады», – дейді сарапшылар.

Алайда бұл да теңгеге қолдау бола ма? Сарапшылар қазанда доллар-теңге бағамы да өзгермейді деп болжап отыр.

«Сонымен бірге, қыркүйекте Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферттердің көлеміне қатысты да сұрақ көп. Қыркүйек айында республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 945 млн доллар сатылмақ. Республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген трансферттердің жалпы сомасы 3,6 трлн теңге. 2024 жылдың тамыз айының соңына дейін үкімет 3,45 трлн теңге пайдаланды. Яғни, 2024 жылға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, қыркүйекте Үкімет Ұлттық қордан аударылатын трансферттер үшін бар болғаны 150 млрд теңгені пайдалана алады. Алайда Ұлттық банктің мәліметінше, одан бірнеше есе көп сома алынбақ», – деп жазды мамандар.

Осылайша жоспарланған трансферттер көлемінің 96%-ы игерілмек. Сарапшылар есептеулері бойынша, қазан айында Ұлттық қордан бюджетке аударылған трансферттер шамамен 600 млрд теңгені құрайды. Ал бұл заң бұзушылық болып табылады.

«Қазір Үкімет Ұлттық қордан бюджетке биылғы жылға трансферттерді 1,5 – 2 трлн теңгеге ұлғайту мәселесін талқылап жатыр. 2024 жылға арналған республикалық бюджет туралы заңға толықтырулар енгізілген жоқ, бұл Ұлттық қордан бюджетке қыркүйекте ғана емес, қазан айында да аударылатын трансферттердің көлеміне қатысты сұрақтар туғызады. Жалпы бұл жағдай бекітілген республикалық бюджетті атқарудағы тәртіптің төмендігін көрсетеді», – деп түсіндірді мамандар.

Бас банктің хабарлауынша, қазан айында үкіметтің бюджетке берген өтінімдері негізінде трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 1,3 млрд-тан 1,4 млрд долларға дейін (орта есеппен 1,35 млн доллар) валюта сату жоспарлануда. Сарапшылар бұл да теңге бағамына қолдау бола қоймайды деп есептейді. Halyk Finance талдауына сүйенсек, бағам өзгеріссіз қалады.

Айта кететіні, Ұлттық банк қыркүйек айында Ұлттық қордан 945 млн АҚШ долларына тең валюта сатқан. Ал қазан айында 1,3-1,4 млрд долларға тең валюта сатуды жоспарлап отыр. Яғни сатылатын валюта көлемі 1,5 еседей артпақ. Одан түскен қаражат республикалық бюджетке құйылады.

Сондай-ақ оқыңыз