BCC Invest қосымша 5,9 млрд теңге қаржы тартпақ. Себебін компания өкілі түсіндірді
«BCC Invest» АҚ бір акцияға 3,18 теңгеден 1,8 млрд-тан астам акция шығара отырып, 5,9 млрд теңгеге қосымша капитал тартпақ. Оларды компанияның жалғыз акционері «Банк ЦентрКредит» АҚ сатып алады. Бұл туралы KASE алаңында өткен жиында «BCC Invest» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлібек Оразақов айтты.
«Біз қаржы ұйымы және АҚ ретінде банктің (ред. – «Банк ЦентрКредит» АҚ) 100% еншілес ұйымымыз. Қосымша капиталдандыру себебі туралы айтар болсақ, біз банкке жақсы кіріс әкелудеміз. Бүгінгі таңда біздің капиталдың табыстылығы жылына 20%-дан асады. Бұл банктің бізге инвестиция салуын жалғастыру тиімді екенін көрсетеді. Яғни жұмсалған әрбір долларға жақсы табыс әкеліп жатырмыз», – деп түсіндірді Әлібек Оразақов.
Оның айтуынша, BCC Invest ары қарай да капиталын арттыруға ниетті. Себебі инвестициялық әлеуетті арттыру үшін де қаржы керек.
«Капиталды ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Өйткені инвестициялық мүдделеріміздің ауқымы әлдеқайда кең. Оның ішінде технологияға үлкен инвестицияларды қажет ететін брокерлік саланы дамыту, сондай-ақ инвестициялық банктік тәжірибені дамыту, онда біз бизнеске тікелей несие бере аламыз және облигациялар шығара аламыз. Ал бұл капиталды қажет етеді», – деді «BCC Invest» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, «Банк ЦентрКредит» АҚ «BCC Invest» АҚ-ның жалғыз акционері. «Банк ЦентрКредит» АҚ 1988 жылы қыркүйекте құрылды және Қазақстандағы алғашқы коммерциялық банктердің бірі болды. 2024 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша банктің бақылаушы акционерлері – 40,11% үлесімен бизнесмен Бақытбек Байсейітов және 9,23% үлесімен бизнесмен Владислав Ли. 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы банктің таза пайдасы 103,6 млрд теңгені, меншікті капиталы – 382,3 млрд теңгені, жарғылық капиталы – 63,6 млрд теңгені құрады.
Бұған дейін, 2024 жылғы 8 сәуірде «BCC Invest» АҚ Қазақстан қор биржасында 1,4 млрд қарапайым акциясын орналастыру туралы шешім қабылдаған еді.