Қазақстандағы ірі 5 банктің таза пайдасы 1,35 трлн теңгеден асқан
2024 жылдың 9 айында қазақстандық банктер 1,85 трлн теңге таза пайда тапқан. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, 1,85 трлн теңге табыстың 1,35 трлн теңгесі – ірі 5 банкке тиесілі.
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында:
- Halyk bank – 599,9 млрд теңге;
- Kaspi Bank – 378,7 млрд теңге;
- БЦК – 139,1 млрд теңге;
- Jusan Bank – 120,3 млрд теңге;
- ForteBank – 113,3 млрд теңге таза пайда алған.
Бұл банктер – елдегі жүйе құраушы банктер болғандықтан, олардың активтері де, клиенттері де басқа банктермен салыстырғанда көп. Қазір Қазақстандағы 21 банктің балансында 58 трлн теңге актив бар.
Соның ішінде Halyk bank-тің активі 17 трлн теңге болса, Kaspi Bank 7,5 трлн теңге активке иелік етеді.
Ал БанкЦентркредиттің балансында 6 трлн теңге актив, Jusan Bank пен ForteBank -те 3,2 және 4 трлн теңге актив бар. Бұл банктердің несие портфелі де қомақты. Банктердің жалпы несие портфелі 33 трлн теңгеден асса, соның 22,9 трлн теңгесі – аталмыш бестіктің берген борышы.
Бұл ретте Қазақстандағы ірі банктердің қатарына кіретін тұрғын үй операторы – «Отбасы банктің» таза пайдасы 94 млрд теңгені құраған. Алайда банктің биылғы 9 айдағы пайдасы 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 19% аз.
Шағын болса да, табысы жақсы
Ірі банктердің табысы да қомақты қалыптасатыны анық. Сонымен қатар биыл шағын болса да пайдасын еселеп арттырған банктер бар. Айталық, «Заман-Қазақстан»ислам банкі биыл таза пайдасын 23 есе арттырған. Былтыр осы кезеңдегі пайдасы 48 млн теңге болса, 1 қазандағы жағдай бойынша, 1,1 млрд теңгеден асқан.
Ал «ВТБ банктің» таза пайдасы былтырғы 9 аймен салыстырғанда үш есе өсіп, 10,5 млрд теңгеден 32,1 млрд теңгеге жеткен. «Нұрбанк» 5,2 млдр теңгеден 10,1 млрд теңгеге дейін екі есе арттырған.