BNK Finance микроқаржы ұйымы 2025 жылы банк атанады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы 2025 жылы банк лицензиясын алады. Бұл туралы Алматыда өткен XII қаржыгерлер конгресінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлады.

Микроқаржы ұйымы Кореяның BNK Financial Group құрамына кіреді. МҚҰ екінші деңгейлі банкке айналуға рұқсатты биыл маусымда алған болатын. BNK Finance Kazakhstan өз қызметін кеңейтуді көздейді. Бизнеске несие беру, сауда салансын қаржыландыруы, лизинг және жоба қаржыландыру, сондай-ақ бөлшек сауда сегментіне қызмет көрсетпек.

Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев BNK Finance Kazakhstan-ның коммерциялық банкке айналу шешімін қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен бірлескен мәлімдемесінде айтқан болатын.

«Елімізде BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы жұмыс істейді. Мен оны екінші деңгейлі банкке айналдыруды қолдаймын», – деді Президент.

Негізі МҚҰ банк лицензиясын жетоқсан айында алуы тиіс еді. Бірақ лицензия тек 2025 жыл берілетіні белгілі болып отыр. Қазіргі кезде микроқаржы ұйымы актив көлемі бойынша МҚҰ арасында он үшінші орында тұр. Оның активтері 21,4 млрд теңгені құрайды.

Egov деректеріне сәйкес, «BNK Finance Kazakhstan» МҚҰ-ның акционері – BNK Capital Co. BNK Financial -129 млрд доллар активке иелік ететін ірі қаржы тобы.

Микроқаржы ұйымы Қазақстан нарығында 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Корея ірі қаржы тобының Қазақстан банк нарығына енуі осы саладағы бәсекені арттырады деп тұжырымдаған.

BNK Finance банкке айналуды мақсат тұтқан жалғыз микроқаржы ұйымы емес. KMF пен Solva микроқаржы ұйымдары да қызмет саласын кеңейтіп, банкке айналуға ниетті.

Сондай-ақ оқыңыз