Банктердің бизнеске берген кредиті 12,8 трлн теңгеден асқан
2024 жылдың 9 айында бизнеске 12,8 трлн теңге несие берілген. Жыл басынан бергі өсім – 19,6%. Бұл – Президент Қасым- Жомарт Тоқаев қойған межеге жетеқабыл көрсеткіш.
Соның ішінде осы уақытта берілген кепілсіз несие көлемі 37%-ға өсіп, 2,6 трлн теңгеге жеткен. Бизнеске берілген несие құрылымында негізгі үлес шағын және орта бизнеске (ШОБ) тиесілі. Жылдық 3%-ға өсіп, 5,9 трлн теңгені құрады. Ірі бизнеске берілген несие көлемі 3,2%-ға артып, 4,1 трлн теңгені құрады.
Бизнеске берілетін несиенің өсімі көлік (-36,8%) және байланыс (-2,9%) салаларын қоспағанда, экономиканың бүкіл саласында байқалған. Бұл жекелеген ірі қарыз алушылардың несиесін бұрын өтегеніне байланысты.
Ең жоғары өсім өнеркәсіп (+17,3%), ауыл шаруашылығы (+10,2%), сауда (+8,3%) және құрылыс (+7,4%) саласына келеді. Жыл басынан бері банктен несие алған бизнес субъектілерінің саны 17%-ға өсіп, 444,1 мыңнан 519,6 мыңға жетті, оның 95,6%-ы – жеке кәсіпкерлер.
Президент 2023 жылғы жолдауында бизнеске берілетін кредит көлемін жыл сайын кемі 20%-ға арттыруды тапсырған болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мақсатты межеге жету үшін бірқатар шара қолға алынғанын хабарлады.
Биыл ҚНРДА нақты секторға несие беруді ынталандыру үшін ШОБ субъектілеріне берілетін несие бойынша тәуекел-салмақ коэффициентін (75%-дан 50%-ға дейін), синдикатталған несиелер бойынша коэффициентті (100%-дан 50%-ға дейін), өтімділік көрсеткіштері (LCR), тұрақты қаржыландыру коэффициенті және басқа да бірқатар нормативтерді 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін төмендеткен.
Сонымен қатар Қазақстанда тұтыну несиесі де өсімін жалғасып жатыр. Бұл сектордағы реттеудің күшеюіне қарамастан, 2024 жылдың басынан бері банктердің несие портфеліндегі тұтынушылық несие үлесі 34,6%-дан 38,3%-ға өсіп, 12,85 трлн теңгеге жетті. Ал бизнеске берілген несие үлесі қыркүйек айында 44%-дан 42%-ға дейін төмендеді.