Валюта нарығына шолу: теңге мен рубль нығайды, ал еуро құнсыздануы мүмкін
Доллар индексінің динамикасы қалай өзгерді, рубль бағамы қалай құбылды және қазақстандық қаржы нарығында қандай өзгерістер болды?Кursiv.Мedia валюта нарығына арналған апталық шолуында осы сұрақтарға жауап іздеді.
Төл теңге апта соңында бір қуантты
Аптаны 1 долларға 528 теңгеге дейін құлдыраумен бастаған ұлттық валюта Ұлттық банктің де, Ұлттық экономика министрлігі мен Үкіметтің де мазасын кетірді. Сарапшылар да жағымсыз болжамдарын жаудырып, төл теңгеміздің тұрақтылығына сенімсіздік білдірді. Соған қарамастан, апта соңында ұлттық валюта долларға шаққанда 9 теңгеге нығайып, рубльден кейін қалпына келді. Осылайша теңгенің споттық құны жұма – 6 желтоқсан таңертеңгі саудада 525-тен 521-ге дейін төмендеп, аптаны 513 бағамымен қорытындылады.
Теңгені қолдаған Ресейдің «қызыл ақшасы» ма?
АҚШ доллары мен Ресей рублінің бағамы да апта ішінде сан құбылды. Ал 6 желтоқсан күні кешке 3%-дан астам нығайды. Рубль «Газпромбанкке» қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін 27 қараша жеткен ең төменгі деңгейден қайта қалпына келе бастады. Сарапшылардың пайымынша, бұған Ресейге доллардың көптеп әкелінуі, яғни валюта ағыны қолдау көрсетуі мүмкін.
Ресейдің Орталық банкі демалыс күндеріне және 9 желтоқсан, дүйсенбіге АҚШ долларының ресми бағамын 99,4215, еуроны 106,304, юаньды 13,597 деңгейінде белгіледі. Бұл туралы реттеушінің сайтында хабарланды. Соңғы рет доллар 100-ден төмен екі аптадан астам уақыт бұрын – 19 қарашада саудаланған.
«Екі апта бұрынғы санкциялардың ықпалынан кейін Путиннің импорттаушылар газ ақысын төлеу үшін «Газпромбанк» қызметін пайдалануды талап ететін ережені алып тастау туралы шешімі арқасында нарық тұрақтала бастады», – деп хабарлады ресейлік ақпарат құралдары.
Еуро бағамы
Францияда саяси жағдай шиеленісе түсті. Үш айға жетер-жетпес жұмыс істеген премьер-министр Мишель Барниер қызметінен кетеді. Ұлттық жиналыс депутаттары оған сенімсіздік білдіріп, қарсы дауыс берді. Бұл дағдарыстың себебі неде және Франция одан қалай шығады? Бұл сұрақтар елде саяси белгісіздік тудырды. Алайда бұл жаңалық Еуро аймағының валютасына оң әсер етті. Еуро бағамы нығайды. Соған қарамастан JP Morgan сарапшылары мұны ұзақ мерзімді динамика деп есептемейді.
«Біз француз жаңалықтарына байланысты құбылған еуроға қатысты болжамымызды бұрынғы қалпында сақтап отырмыз. Дегенмен доллар болашақта одан да күшейеді деп есептейміз», – деп жазды сарапшылар.
Сарапшылар мұның нәтижесінде доллар мен еуро құны теңесуі мүмкін деп есептейді.
АҚШ-тағы сайлаудан кейін кем дегенде 10 банк еуроның әлсіреуін болжады.
Кей қаржы ұйымдары, тіпті 2025 жылы аталған валюталар 1:1 шегінен төмен жылжиды деген тоқтамға келді. Бірақ паритетті сарапшылар бір ауыздан болжап отырған жоқ. Трамптың саяси ұсыныстарын жүзеге асыру ауқымы мен жылдамдығына қатысты әлі де белгісіздік көп. Бұған қоса Еуропадағы экономикалық өсімді ынталандыратын шараларды қабылдайды деген оптимистік көзқарас та бар.
Сан рет құлдыраған лира
Түрік лирасы оффшорлық ағындар қолдауымен үш күндік айналымға байланысты жоғары бағаммен саудаланды. Мемлекеттік банктер TRY (шамамен 34,80) үшін арнайы бағамдық дәліз орнатуды жалғастыруда. Түркия валютасының нығаюы инфляцияның төмендеуіне байланысты болып отыр. Сондықтан аталған ел ақшасы бойынша ұзақ мерзімді болжам – жағымсыз.
Жапония валютасы
Жапониядағы жалақы туралы оң деректер Орталық банкінің шешімі алдында иена бағамына қатысты болжамдарды жақсартты. АҚШ валютасы индексінің кірістілігінің өсуіне қарамастан, иена тұрақты. USD/JPY 152-ге дейін әлсірейді деген болжам бар. Әзірге мамандар доллардың жапон валютасына қатысты бағамы 149-151 аралығында төмендейді деп болжап отыр.
Айта кететіні, 2024 жылғы 2 желтоқсанында Алматы қаласының валюта айырбастау пункттерінде АҚШ валютасы 530 теңгеден сатылған еді. Бұл рекордтық көрсеткіш болды. Теңге бағамын төмендетуге Ұлттық банктің интервенциясы да қолдау бола алмады. Алайда 6 желтоқсан Қазақстан қор биржасындағы сауда барысында доллар бағамы 508 теңгеге дейін төмендеп, 513 теңге болып белгіленді.