
Қазақстанда машина жасау саласының өндіріс көлемі 2023-2025 жылдары 4,3 трлн теңгеден 5,9 трлн теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биылғы жеті айда машина жасау кәсіпорындары 3,23 трлн теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға жоғары.
Салаға салынған инвестиция көлемі де артып келеді. 2025 жылы машина жасау жобаларына 655,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 39 жоба іске асырылған. Нәтижесінде шамамен 10 мың жұмыс орны құрылған. 2026 жылғы қаңтар-шілде айларында салаға тағы 157,8 млрд теңге инвестиция салынған.
Отандық өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесі 2023 жылғы 16,8%-дан 2025 жылы 22,2%-ға дейін өсті. Биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 24,7%-ға жеткен.
Автомобиль өнеркәсібінде де өсім байқалады. Қазақстанда жеңіл және жүк көліктерін, автобустар мен арнайы техникаларды шығаратын 11 зауыт жұмыс істейді. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында 124,1 мыңнан астам көлік шығарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4%-ға көп.
Машина жасау кәсіпорындарында өндірісті автоматтандыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу де жалғасып жатыр. Hyundai Trans Kazakhstan зауытында 17, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan-да 54, Kia Qazaqstan-да 68 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді. Allur зауытында дәнекерлеу жіктерінің сапасын бақылауға арналған жасанды интеллект жүйесі мен компьютерлік көру технологиясы енгізілген.
Министрлік мәліметінше, автомобиль өнеркәсібінде қазір 11 мың адам жұмыс істейді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 62,5%-ға көп. Аралас салаларды қоса алғанда, автомобиль өндірісі шамамен 20 мың қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр.
Тағы да оқыңыз: Өндіріс картасы: Қазақстанда кәсіпорындар қай өңірде көп (инфографика)