Қазақстандықтардың жылдам несиеге сұранысы жоғары. Микроқаржы ұйымдары қанша пайда тапқаны белгілі болды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

Жылдам және шағын несие беретін микроқаржы ұйымдары 2024 жылдың 9 айында 72 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл туралы Ұлттық банктің статистикасында жазылған.

Қазақстанда жалпы 218 микроқаржы ұйымы жұмыс істесе, 72 млрд теңге таза табыстың басым бөлігі ірі 20 микроқаржы ұйымына тиесілі. Соның ішінде былтыр қазақстандықтардың жеке деректерін таратып жіберген «Робокэш.кз» микроқаржы ұйымы 10 млрд теңге таза пайда алған.

Одан кейінгі орында банкке айналуды мақсат тұтып отырған KMF микроқаржы ұйымы тұр. Ұйым қаңтар-қыркүйек айларында 7,96 млрд теңге таза табыс тапқан. Үздік үштікті Дулат Тастекейдің TAS Finance Group компаниясы түйіндейді. 9 айда қаржы ұйымы 6,28 млрд теңге тапқан.

Төртінші орында 5,8 млрд теңге таза пайдамен «ФинтехФинанс» МҚҰ тұрса, бесінші орында 5,75 млрд теңге табыс тапқан «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан» жайғасқан.

Қазір халықтың МҚҰ-дан алған қарызы 1,2 трлн теңгеден асқан. Қазақстандықтар арасында жылдам онлайн несиеге сұраныс жоғары. Өйткені табысы жоғары МҚҰ-лар негізінен онлайн шағын несие берумен айналысады.

Дегенмен статистика алған шағын несиесін қайтармай жүргендердің қатары артып жатқанын байқатады. Жыл басында төленбегеніне 3 айдан асқан шағын несие үлесі 6,1% болса, қазір 10 борышкердің біреуі алған қарызын уақтылы төлемейді.

Сондай-ақ оқыңыз