Қор нарығында доллар бағамына не әсер етіп жатыр?
Өткен аптада доллар/теңге жұбындағы валюта бағамы біршама құбылды. Тәуелсіздік мейрамынан кейін сәл қымбаттаған көкқағаз құны апта соңына қарай қайта түсті. 13 желтоқсандағы сауда-саттықтан орта есеппен 522,8 теңге сатылған доллардың 20 желтоқсан күнгі бағамы 523,9 теңгені құрады.
Валюта бағамы қалай құбылды?
Сейсенбі күні доллар бағамы біршама өскен болатын. 17 желтоқсан қор биржасындағы кешкі саудада АҚШ валютасы бірден 1,86 теңгеге қымбаттап, орта бағамы 524,66 теңгені құраған. Ал айырбастау пункттері 523 теңгеден сатып алып, 527-529 теңгеден сатты. Бейсенбіде доллар бағамы 524 теңге болса, жұма күнгі кешкі саудада 523,9 теңгеден сатылды.
Бұл ретте Freedom Broker сарапшылары доллардың 525 теңгеден төмен сатылуын Ұлттық банк жүргізген интервенция нәтижесі деп тұжырымдайды. Сарапшылар АҚШ валютасы бағамының 525 теңгеден асуы бас банк үшін «тым маңызды» екенін атап өтеді.
Ұлттық банк қараша айының соңында нарыққа араласып, интервенция жүргізген еді. Осы мақсатта алтын-валюта қорынан 1 млрд доллар сатып, нарықтың «қызуын басты». Дегенмен алдыңғы аптада теңге қайтадан құнсызданып, доллар 523 теңгеге дейін қымбаттап кетті.
2025 жылы доллар бағамы қандай болмақ?
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапашылар 2025 жылы 545,2 теңгеге жетеді деген болжам жасайды. Ұлттық валютаның әлсіреуіне ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқаруы, Қытай мен Еуропадағы экономикалық өсімнің баяулауы, импорттың артуы, геосаяси ахуалдың күрделенуі және инвесторлардың тәуекелді активтерден қашуы сияқты факторлар әсер етуі ықтимал.
Алайда Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылғы доллар бағамына әсер ететін ең басты фактор – экспорт көлемі мен ішкі нарықта сатылатын валюта мөлшері деп тұжырымдайды.