Қазақстан экономикасы 2025 жылы өсе ме: ЕАДБ сарапшылары болжамын жариялады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстан экономикасы 2025 жылы 5,5% өсім көрсетуі ықтимал. Мұндай болжамды Еуразиялық даму банкінің сарапшылары жасап отыр. Экономиканың өсіміне бюджет саясаты, базалық мөлшерлемені төмендету, мұнай өндірісінің артуы және мемлекеттік ірі инфрақұрылым жобаларды жүзеге асыруы ықпал етпек.

Қазақстан 2025 жылы Теңіз кен орнын кеңейту жобасын аяқтауды жоспарлап отыр. Кеңейту жобасы аяқталса, өндірілетін мұнай көлемі 40%-ға артады. Ел бюджетінің басым бөлігі мұнайдан түскен салықтан қалыптасатындықтан, өндірістің артуы ел экономикасының дамуына ықпал етеді.

2024 жылдың 11 айында ел экономикасы 4,4% өскен. Бұл Үкімет меже еткен 6%-дан аз.

Инфляция төмендей ме?

Қаржы ұйымы 2025 жылы Қазақстандағы инфляция төмендейді деп болжайды. Болжам бойынша, 2025 жылы инфляция орта есеппен 7,3%-ды құрауы ықтимал. Оған Ұлттық банк ұстанған ақша-несие саясаты себеп болады.

ЕАДБ сарапшылары Ұлттық банк 2025 жылы базалық мөлшерлемені 11,25 пайызға дейін төмендетеді деген пікірде. Бас банк базалық мөлшерлемені төмендетуді 2025 жылдың ІІ тоқсанынан бастайды.

Сарапшылар теңге нығаяды деген болжам жасайды

Қаржы ұйымы 2025 жылы теңге біршама нығаяды деп тұжырымдайды. 1 доллар орта есеппен 486 теңгеге сатылуы ықтимал. Теңгенің нығаюына квазимемлекеттік компаниялар түсімінің 50%-ын жергілікті қор биржасында сату талабы мен жоспардың өсуі ықпал етпек. Өйткені валюта нарығында сатылатын доллар көлемін көбейтеді. Сонымен қатар базалық мөлшелеме, Ұлттық қордан алынатын қомақты қаржы және импорттың артуы да доллар бағамына әсерін береді.

Бұған дейін Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары 2025 жылы теңге тағы құнсызданып, доллар 542 теңгеге жетуі мүмкін деген болжам жасаған.

Көрші елдердің экономикасы қандай болмақ?

Еуразиялық даму банкі сарапшылары 2025 жылы Қазақстанмен қатар, Ресей мен Беларусь экономикалары өсу қарқынын сақтайтынын болжап отыр. Ресей экономикасы 2,4% өсім байқатса, Беларусь мемлекетінің ішкі жалпы өнімі 2,6%-ға артуы ықтимал.

Ішкі сұраныс пен экспорт қарқынының өсуі Армения, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан экономикасының драйверіне айналады. Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанда өнеркәсіптің даму қарқыны ЖІӨ өсімінен жоғары болады, сондай-ақ инвестициялық белсенділік артпақ. 2025 жылды Армения экономикасы – 5,5%, Қырғыз Республикасында – 8,7%, Тәжікстанда 8,4% өсуі ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз