Стати ісі: Ұлттық қордың Швецияда бұғатта жатқан 80 млн доллар активі қайтарылған
Қазақстан ағайынды Статилермен арадағы дауды реттеу нәтижесінде Ұлттық қордың бұғатталған 80 млн доллар активін қайтып алған. Бұл туралы 25 желтоқсандағы Мәжіліс кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
«Бұл соңғы күндердегі ең жағымды жаңалық деп санаймын. Осыдан 10 жыл бұрын Статимен арадағы дау салдарынан Ұлттық қордың 80 млн доллар активі бұғатталған болатын. Дауды реттеу нәтижесінде Ұлттық қор активтері бұғаттан шығарылып, Қазақстанның Ұлттық қорына қайтарылды. Ұлттық қордағы активтер валютада сақталғандықтан, доллармен санаймыз», – деді Сүлейменов.
Жақында Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк молдован кәсіпкерлері Анатол мен Габриель Статимен арадағы дауға түпкілікті нүкте қойылғанын хабарлаған. Бұл дау 14 жылға созылып, халықаралық арбитраж сотында бірнеше рет қаралған. Ұлттық қордың шетелдегі активі осы дау салдарынан бұғатталған болатын.
Келісім аясында, ағайынды Статилер тарапы Ұлттық қор активтеріне қатысты талаптарынан бас тартқан. Алайда қос тарап нақты қандай шарттарда келісімге келгені белгісіз. Әділет министрлігі де, Ұлттық банк те «мәміле шарттары құпия» екенін атап өткен.
2017 жылы бұқаралық ақпарат құралдары Ұлттық қордың 22 млрд доллар активі бұғатталғанын жазған. Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қайтарылды деген актив сомасы бұдан әлдеқайда аз.