«Ұлттық қор – балаларға»: 2025 жылы қанша қаржы түсуі мүмкін?
2024 жылғы 1 қаңтардан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы басталды. Соған сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына аударылады. Былтыр Ұлттық қордың 2023 жылғы инвестициялық табысынан әр балаға 100 доллардан аударылған болатын. Осы ретте KursivMedia Ұлттық банктен қордың 2024 жылы қанша инвестициялық табыс тапқаны және биыл балалардың БЖЗҚ-дағы есепшотына қанша қаржы аударылатыны жайлы сауал жолдады.
Қазір Ұлттық қорда 58,8 млрд доллар валюталық актив жинақталған. Ұлттық банктің алдын ала мәліметінше, қордағы валюталық активтердің 2024 жылғы инвестициялық кірісі 7,5%-ды немесе 4,5 млрд АҚШ долларын құраған.
Ұлттық қордың жинақ портфелінің құрылымында 2024 жылы ең жоғары кірісті алтын (+26,6% немесе шамамен 0,7 млрд АҚШ доллары) және акциялар (+19,2% немесе шамамен 3,2 млрд АҚШ доллары) портфелі көрсеткен.
Алайда балалардың есепшотына түсетін қаржы арнайы қаулы негізінде есептеледі. Соған сәйкес, 2007 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңдегі Ұлттық қордың орташа кірістілігі алдын ала деректер бойынша 3,34%-ды құрайды.
«Ұлттық қордың жыл сайынғы орташа инвестициялық кірісін есептеу Ұлттық қордың 18 жылдық кезеңдегі (2006-2023 жж.) валюталық активтерінің 3,03% орташа геометриялық кірістілігін 2023 жылғы Ұлттық қордың таза валюта активтерінің орташа арифметикалық нарықтық құнына көбейту жолымен жүргізілді. Бұл ретте, 2026 жылы нысаналы талаптар есебінде пайдаланылатын 2007 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңдегі Ұлттық қордың орташа кірістілігі алдын ала деректер бойынша 3,34% құрайды», – дейді Ұлттық банк.
Балалардың есепшотына қанша қаржы түсуі мүмкін?
Биыл қордан қанша қаржы аударылатыны балалардың нақты саны туралы деректер шыққан соң белгілі болмақ.
«2025 жылы «Ұлттық қор-балалар» бағдарламасына қатысушыларға Қағидаларда белгіленген мерзімде нысаналы талаптарды есептеу жоспарлануда. Бұл ретте, әрбір балаға есептелген соманың мөлшері, сондай-ақ 2025 жылы 18 жасқа толған балаларға төленетін төлемдер сомасының мөлшері БЖЗҚ «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан балалар саны бойынша қажетті мәліметтерді алғаннан кейін ғана белгілі болады», – делінген Ұлттық банк жауабында.
Бұған дейін Ұлттық банк Төрағасының орыбасары Әлия Молдабекова биыл балалардың есепшотына түсетін қаржы 100 доллардың көбірек болатынын айтқан. Ал Қаржы министрі Мәди Такиев түсетін қаржы 118-120 долларды құрайды десе, ҰБ Төрағасы Тимур Сүлейменов 130 долларға жететіне сенім білдірген.
Былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында ақша балалардың БЖЗҚ-дағы есепшотына 1 ақпанда түскен.