Доллар қымбаттап, инфляция өседі: кәсіби нарық қатысушыларының болжамы неге нашар?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстанда инфляция 2025 жылы 9,4%-ға дейін өсуі мүмкін. Ал доллар одан әрі қымбаттай бермек. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан нарық қатысушылары осындай болжам жасаған.

Мамандардың пікірінше, бұл жайт қатаң ақша-несие саясатын сақтауды талап етуі мүмкін.

Сонымен қатар олар теңгенің долларға шаққандағы бағамына қатысты болжамдарын қайта қараған. Нарық қатысушылары теңге одан әрі құнсыздана түсуі мүкін деген пікірде. Болжамға сәйкес, бір айдан кейін 1 доллардың құны 527,3 теңге болса, (бұрынғы болжам – 524,1 теңге), бір жылдан кейін ол 552,5 теңгеге жетуі ықтимал (алдыңғы болжам – 545,2 теңге).

Олардың мұндай болжам жасауына бірнеше себеп бар. Біріншіден, Қазақстанның ірі сауда серіктесі, экономикалық одақтасы – Ресей мемлекетіне қарсы санкциялардың күшеюі. Ресейге АҚШ, ЕуроОдақ пен Жапония қазірдің өзінде бірнеше санкция пакетін енгізген. Алдағы уақытта шектеулер арта беруі ықтимал. Соның салдарынан рубль әлсірейді. Рубльдің әлсіреуі әдетте теңгеге қысым тудырып, ұлттық валютаны одан әрі құнсыздандырады.

Екіншіден, мұнай бағасының арзандауы. Қазақстандық мамандар ғана емес, халықаралық сарапшылар 2025 жылы әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандауы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Үшіншіден, Қазақстанда импорт көлемі артты (инфрақұрылымдық жобаларды іске асырумен байланысты) және сыртқы қарыздарды өтейтін уақыт келді. Қаржы министрлігі биыл еурооблигациялар бойынша 2,5 млрд доллар төлеуі қажет.

«Ұлттық валютаның әлсіреуі базар нарқына біраз уақыттан соң әсер етеді. Бұл фактор 17 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде сақтауына ықпал етеді», – деп түсіндірді сарапшылар.

Респонденттердің болжамы бойынша, бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 14% деңгейінде болады. Бұдан бөлек, сарапшылар Қазақстанның ЖІӨ өсіміне қатысты болжамдарын 4,3%-ға дейін төмендетті.

13 қаңтар күні доллар тағы қымбаттап, ұлттық валюта құнсызданды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта доллар бағамы орта есеппен 1,83 теңгеге қымбаттап, 528,71 теңгені құрады.

Бұған дейін Ұлттық банк сауалнамасына қатысқан сарапшылардың болжамы да көңіл көншітерлік болмаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз