Жанар-жағармайдың шекті бағасын реттеуден біртіндеп емес, бірден бас тарту керек – Halyk Finance
Қазақстанда жанар-жағармай шекті бағасын реттеуден біртіндеп емес, бірден бас тарту керек. Шекті бағадан біртіндеп бас тарту – мұнай-газ саласына салынатын инвестцияның тиімсіздігіне әкеп соғады. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов осылай деп тұжырымдайды.
«Жанар-жағармайдың шекті бағасы кезең-кезеңімен арттыру деген – осы кезеңде тартылған жеке инвестиция тиімсіз болады деген сөз. Ел бюджетіне жанар-жағармай бағасын субцидиялау тиімсіз. Қазынадан қомақты қаржы жұмсалып жатқанымен, ол тұрмысы нашар отбасыларды қолдап жатқан жоқ. Субсидияны алып тастау қаржыны үнемдеу мен оны әлеуметтік әділеттілікті арттыруға арналған шынайы қажетті шараларға бағыттауға мүмкіндік береді», – деді.
Сондай-ақ ол реформа аясында жер қойнауын пайдаланушылардың мұнайды ішкі нарыққа төмен бағамен міндетті түрде сату талаптарын алып тастау қажет деп санайды. Бұл Қазақстанның мұнай саласын жеке ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тартымды етеді.
Бұған дейін Энергетика министрлігі Қазақстандағы АИ-92 мен дизель бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартатынын хабарлады. Үкімет жанармай бағасы қымбаттайтынын тұспалдағанымен, күрт өсімге жол бермейміз деп сендірген.