Қазақстандық компания Ресей зымырандарының өндірісіне қажет шикізат жеткізіп отырған

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық компания Беларусь зауытына Ресейдің соғыс зымырандарын шығаруға көмектескен. Компания ракета микрочиптерін өндіруге керек тұз қышқылын жеткізіп отырған. Осылайша Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуге ат салысқан. Бұл туралы «Беларусь зерттеу орталығының» зерттеуінде айтылды.

Зерттеу материалына сәйкес, Қазақстанда тіркелген United Trading Group компаниясы Беларусьтің «Интеграл» зауытына өндірісте қолданылатын тұз қышқылын жеткізіп отырған. Бұл зауыт ресейлік зымырандарға қажетті микросхемаларды шығарады.

Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?

Германиядан шыққан тұз қышқыл алдымен Польшаға, содан кейін Қазақстанға жеткізіледі. Одан кейін қазақстандық United Trading Group бұл қышқылды Беларусьтің «Интеграл» зауытына жіберіп отырған.

Ал Беларусь зауыты осы шикізатты пайдаланып, Ресей әскери өнеркәсібіне қажет электрондық схемалар шығарады. Дәл сондай қышқылды Ресейдің «Силтрон мен «Электронснаб» компанияларына жеткізіп отырған.

United Trading Group деген қандай компания?

Бұл схеманың ерекшелігі – United Trading Group компаниясының күмәнді мәртебесі. Компания 2022 жылдың наурыз айында, яғни Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін, бірнеше апта өткен соң құрылған.

Бір ғана қызметкері бар компания Алматыда тіркелген. Жалғыз құрылтайшысы Әлімжан Беков деп көрсетілген. Сауда-саттықпен айналысатын компания 2022-2023 жылдары 35-38 млн теңге салық төлеген. Алайда былтыр салыққа қарыз болып қалған. Қазір 4,3 млн теңге салық берешегі бар.

Санкцияларды айналып өту

АҚШ пен ЕуроОдақ Ресейдің әскери өнеркәсібіне қажет тауарлардың жеткізілуін тоқтатуды мақсат тұтқан санкциялар енгізгені белгілі. Алайда бұл шектеулерді үшінші елдер арқылы айналып өту әрекеттері жиілеген. Бұл жағдайда Қазақстандық компания аралық буын рөлін атқарып, ресейлік әскери өндіріс үшін маңызды компоненттерді тасымалдау тізбегіне енген.

Бұған дейін бірнеше қазақстандық компанияның АҚШ пен ЕО, Жапония санкциясына ұшыраған. Алайда Қазақстан билігі бұл көмпаниялардың қызметі толық тоқтағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз