Несиені уақытылы төлей алмасаңыз не істеу керек?

Жарияланды
Несиені қайта құрылымдау үшін не істеу керек? Фото: shutterstock

Кез келген адамның өмірінде жұмыстан қысқару, жалақы уақытылы түспей ақшасыз қалу деген сияқты жағдайлар болады. Ондай кезде несиені қалай төлеу керек? Қандай амалдары бар. Назарларыңызға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мамандарының кеңесін ұсынамыз?

Несиені қайта құрылымдау деген не?

Кредит уақытылы төлей алмайтыныңызды білгенде не істейсіз? Банкке хабарласып қарызды қайта құрылымдауға тырысыңыз. Ол дегеніміз несиенің бастапқы шартының талаптарын өзгертіп, ай сайын төлейтін ақшаңызды азайту. Банкке несиені қайта құрылымдауға өтініш беру үшін мынадай себептер болу керек:

  • табысы азайып немесе жұмыссыз қалу;
  • ауыр сырқат немесе мүгедектік;
  • декреттік демалыс;
  • әскери қызметке шақыру;
  • форс-мажорлық жағдайлар (өрт, мүліктің ұрлануы және т.б.).

«Неғұрлым ертерек банкке жүгінсеңіз, соғұрлым айыппұлдардан, несие тарихының нашарлауынан және қаражатты сот арқылы өндіріп алудан аулақ болу мүмкіндігі жоғары», – деп жазады агенттік мамандары

Несиені қайта құрылымдау үшін қалай өтініш беру керек?

Ең алдымен төлемді кешіктірген уақыттан бастап 30 күн ішінде банкке барыңыз. Қаржылық қиындығыңыздың себебін көрсетіп, оны растайтын құжаттарды (табыс туралы анықтама, медициналық қорытындылар және т.б.) қосып, өтініш жазыңыз. Банк сіздің өтінішіңізді 15 күнтізбелік күн ішінде қарастырып, шешімін айтады.

Банктер қандай көмек бере алады:

  1. Несиенің мерзімін ұзарту – ай сайынғы төлемді азаяды, есесіне артық төлем сомасы да көбейеді.
  2. Пайыздық мөлшерлемені төмендету – Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені төмендеткен жағдайда ғана орындайды
  3. Төлемді кейінге қалдыру – белгілі бір айға қарызды төлемей қоя тұрасыз, бірақ пайыздар жүре береді
  4. Айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептемей қоя тұру – банк кейбір айыппұлды кешіруі мүмкін.
  5. Қайтару тәртібін өзгерту – бұл жағдайда сіз алдымен пайызын емес, негізгі қарызды өтеуге басымдық береді

Ал банк несиені қайта құрылымдаудан бас тартса ше?

Ондай жағдайда сіз банк омбудсманы немесе заңгерге барып кеңес ала аласыз. Немесе қайта қаржыландыру мүмкіндігі арқылы бұрынғы несиені өтеу үшін жаңа шартпен несие аласыз.

«Бастысы – мәселені назардан тыс қалдырмау керек. Банкке уақытында жүгіну қаржылық қиындықтарды алдын алуға және қаржылық тұрақтылығыңызды сақтауға көмектеседі», – дейді сарапшылар

Сондай-ақ оқыңыз