Құрылыс компаниялары қосымша құн салығын төлеуден босатылуы мүмкін
Үкімет қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Алайда бұл бастама бүкіл салаға бірдей қолданылмайды. Мәселен құрылыс компаниялары ҚҚС төлеуден блсатылуы мүмкін. Kapital.kz сайтының жазуынша, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин журналистермен кездесу барысында осылай деп мәлімдеген.
28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 20%-ға дейін арттыруды және ҚҚС тіркеу шегін 78 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді көздейтін салық реформасын таныстырған болатын.
Қандай салаларға жеңілдік беріледі?
Министрдің айтуынша, кейбір салалар үшін ҚҚС бойынша жеңілдік енгізу қарастырылып жатыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы секторы бұл салықтан толықтай босатылуы мүмкін.
Ал азық-түлік өндірушілеріне үш нұсқа ұсынылуда:
- ҚҚС-ты 12% деңгейінде сақтау;
- 5%-ға дейін төмендету;
- немесе салықтан толық босату.
Фармацевтика саласы үшін де 5%-дық мөлшерлеме қарастырылып жатыр. Ал құрылыс компанияларына ҚҚС орнына инфрақұрылымдық алым енгізілмек.
«Құрылыс компаниялары төлейтін инфрақұрылымдық алымды енгіземіз. Оның мөлшері шаршы метріне 40-60 доллар аралығында болуы мүмкін. Біз жаңа салық түрлерін ойлап таппаймыз, бұл мәселе әлі де талқыланып жатыр», – деді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, инфрақұрылымдық алымды енгізу туралы ұсынысты бизнес-қауымдастық ұсынған. Бұл бастама әлі талқыланып жатқанымен, Жұманғарин бұл өзгерісті оң бағалайды.
«ҚҚС сақталса, оған қоса жаңа алым енгізілмейді. ҚҚС төлемесе, инфрақұрылымдық алым болады. ҚҚС 20%-ға дейін көтерілмейді», – деп нақтылады министр.
ҚҚС тіркеу шегін төмендету
Сонымен қатар Үкімет ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетпек. Одан бөлек, 4%-дық арнайы салық режимін қолдана алатын компаниялардың санын қысқарту көзделген.
Егер кәсіпкер бөлшек салық жүйесін қолдана алмаса, оның салық жүктемесі ҚҚС пен корпоративтік табыс салығын төлеу қажеттілігіне байланысты 40%-ға дейін артуы мүмкін.