Инвесторлар күре жолдарда жолаушылар тоқтап тынығатын 400-ден аса нысан салмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock.

Ірі жанармай құю желілеріне иелік ететін QazaqOil, RoyalPetrol және Compass сынды ірі инвесторлар 400-ден астам жол бойындағы қызмет көрсету нысанын салмақ. Ол жерде жолаушылар тоқтап, тынығып алуына бар жағдай жасалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Сонымен қатар Petro Retail компаниясы жол бойы объектілерінің жүйесін құрады. 2029 жылға дейін осындай 60 нысан бой көтермек. Оған 120 млрд теңге инвестиция құйылады. Оларда жатын орын, TIR тұрағы және жанармай бекеті болады.

«Жол бойы сервистік объектілерін дамытудың негізінде елімізде бірінші рет отандық қонақүйлер жүйесі және олардың франшизасы қалыптасатын болады. Бұл жол бойы объектілерінің тасымал процесімен қатар, автотуризмнің де дамуына септігін тигізеді», – деді министр.

Бұл компаниялар кімге тиесілі?

Petro Retail компаниясының түпкі иелері Тимур Құлыбаев, Раушан Сағдиева, Данияр Абылғазин мен Бауыржан Тойбазаров, Дауыл Доматов.

Ал Royal Petrol компаниясы Бекен Жаңабаевқа тиесілі. Compass жанармай құю желісі «Новая АЗС» желісімен байланысы бар. Бұл халықаралық Kusto Group компаниясының еншілесінің бірі. Оның түпкі бенефициарлары Еркін Тәтішев, Қанат Көпбаев, Дәулет Нұржанов, Оразхан Қарсыбеков пен Талғат Тұрымбаев.

Сондай-ақ оқыңыз