Фитнес, тренажер залы: бастамас бұрын нені білу керек

Жарияланды 5 Наурыз 2025 14:21

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

Тілші s.ostemir@kursiv.media
Фитнес сымбатты дене, жан саулығы үшін таптырмас орын/фото: shutterstock
Фитнес сымбатты дене, жан саулығы үшін таптырмас орын/фото: shutterstock

Фитнес, тренажер залы – денсаулықты күтіп, артық салмақтан арылып, сымбатты болудың бірден-бір жолы. Бұл – еліміздегі бұқаралық спорт.

Халық арасында танымалдық ие болып келеді. Фитнестің адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз.

Жаттығу техникасын білудің маңызы

Десе де, тән мен жанның саулығы үшін ерінбей, еңбектенуді көздеп жүрген әрбір адам білуі тиіс жайттар бар. Онсыз түрлі жарақат алу қаупі бар.

 «Аюман» спорт клубының жаттықтырушы Әнуар Иберген фитнес, тренажер залына келгісі келетіндерге былайша кеңес беріп отыр.

«Жаттығу техникасын білу өте маңызды. Спорт – денсаулық кепілі десек те, қауіпсіздікке қатты назар аударған жөн. Сондықтан жаттықтырушының қызметіне жүгіну – қауіпсіздіктің, тез нәтижеге жетудің кілті», – дейді Әнуар Иберген.

Мақсаттың айқындығы

Жаттықтырушының сөзіне қарағанда, фитнес, тренажер залы – қажырла адамдар бос қосатын жер. Адамдар әртүрлі мақсатпен келеді. Біреу арықтауды көздесе, екіншісі салмақ қосуды қалайды.

«Жаттықтырушылар келген адамның мақсатына сәйкес бағдарлама жасап береді. Залға жаңа келген адам неден бастарын білмейді. Дене қыздыру жаттығуларынан да хабарсыз. Ең алдымен, денені дұрыс қыздырудан бастау керек», – дейді Әнуар Иберген.

Қандай қауіптер бар?

Дене қыздырусыз, қате техника кесірінен шеміршектерін, сіңірін жарақаттап алуы мүмкін. Мұны ескермегендерге жарық (грыжа) шығып, ұзақ уақыт емделуіне тура келеді.

«Осындай кері әсері болмас үшін жаттықтырушының кеңесі қажет. Денсаулығын түзеймін деп, құртып алуы да ғажап емес», – дейді жаттықтырушы.

Сондықтан фитнес, тренажер залы білім, білігі бар маманды қажет етеді.

Мотивация үшін не қажет?

Жаттықтырушының артықшылығы, дұрыс техникадан бөлек, мақсатына қарай қандай диета ұстану керек екенін көрсетіп береді.

Мәселен, салмақ қосқысы келген адам, ақуызды көп тұтынғаны жөн. Ал арықтағысы келетіндерге де денедегі майды кетіруге арналған тағам түрлері бар. Көп қуат жұмсаған соң, қажетті дәрумендерді қабылдаудың маңызы зор. Жаттықтырушы спорттық тамақтану үлгісін жасап береді.

«Фитнес, тренажер залы үшін жаттықтырушы – әрі диетолог, әрі мотиватор. Мақсатқа жетуде мотивация береді. Мақсатына жетуге көмегі үлкен. Жетектеп отырып жеткізеді. Көп адамдар қалағанымен, өзін қинағысы келмейді», – дейді спортшы.

Дәрігердің кеңесі

Әрине, денсаулығы сыр берген адамдардың да жаттығу жасап, түзеуіне болады. Бірақ ол үшін дәрігердің кеңесі қажет.

«Мәселен, дәрігерлер адамның кейбір дене мүшесіне күш түсірмеуге кеңес беруі мүмкін. Жаттықтырушылар бағдарлама құрған кезде мұны ескеретін болады», – дейді жаттықтырушы.

Фитнес, тренажер залы денсаулығында кінарат бар адамдар үшінде есігін айқара ашады.

Бейімделген жаттығу деген не?

Әнуар Ибергеннің сөзіне қарағанда, денсаулығы сыр берген адамдар мұның орнын жеңіл жаттығулармен алмастыра болады. Ол «бейімделген жаттығу» деп аталады. Бұл жаттығулар топтамасы аурушаң адамдарға тренажерлердің көмегімен бұлшық еттеріне жұмыс жасатуға арналған.

«Мұның өзі – бөлек мамандық», – дейді жаттықтырушы.

Фитнестегі үш «кит»

Фитнес, тренажер залы табалдырығын аттамас бұрын, үш нәрсеге ерекше мән берген жөн.

«Ұйқыға, тамаққа және жаттығуға ерекше назар аудару қажет. Оның бірі дұрыс болмаса, нәтижеге жету қиын болады», – дейді жаттықтырушы.

Жаңа қатысқан адамға өзін қинап, көп жаттығу жасауға болмайды. Өйткені дағдыланбаған дене ертеңіне қатты ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан жеңіл жаттығулардан бастаған абзал. Мұны жаттықтырушылар ұдайы қадағалап отырады.

Аптасына қанша күн жаттығу жасау керек?

Денеңіз сымбатты, көңіл-күйіңіз жоғары болу үшін күн сайын жаттығу жасап, күш жұмсаудың қажеті жоқ. Фитнес, тренажер залы мұны ұнатпайды.

«Мен кәсіби спортшы ретінде күн сайын жаттығу жасаймын. Өйткені менің ағзам, жүрегім жүктемелерді көтере алады. Ал спортшы емес адамдарға аптасына үш мәрте залға келу жеткілікті», – дейді Әнуар Иберген.

Өйткені бір күн жаттығу жасаса, келесі күні демалып, ағзаның қалпына келуіне мүмкіндігі болады.  

Жаттықтырушыны қалай таңдау керек?

Оның да өз тәсілдері бар. Денесі шыққан екен деп те сенуге болмайды. Себебі сымбатты мүсінді әртүрлі жолмен шығаруға болады. Жаттықтырушыны тәжірибесіне қарай таңдаған жөн. Оның өзінің қандай спорт түрлерімен айналысқанын, жеке жетістіктеріне мән берген дұрыс. Спортпен қанша жыл айналысқанын сұрау қажет.

«Кейбір жаттықтырушылар теорияны ғана игерген. Тәжірибені білмейді. Іс жүзінде адамдарда түрлі түйткілдер болады. Мәселен, кейбір адамдар жаттығу жасағанмен, бұлшық еттері түскен жүктемені сезбейді», – дейді Әнуар Иберген.

Сондықтан фитнес, тренажер залы табалдырығын аттар алдында, ең алдымен, жаттықтырушыларды таңдап, олардың тәжірибесіне баса назар аударған жөн.

Сондай-ақ оқыңыз