ЕАЭО елдері арасында жалақысы көп елдер тізімінде Қазақстан екінші орында

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы орташа жалақы 858 доллар немесе 402 мың теңге болды. Бұл көрсеткішпен ЕАЭО елдері арасында екінші орында тұр деп жазылған Еуразиялық экономикалық комиссиясы жариялаған статистикада.
Бірінші орында тұрған Ресейдегі орташа жалақы – 951 доллар немесе 499 760 теңге. Ең төменгі көрсеткіш Қырғызстанда, көршілердегі орта жалақы 429 долларға (196 637 теңге) тең. Арменияда 731 долларды (341 871 теңге), ал Беларусьта 701 долларды (329 261 теңге) құрайды.
2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылдағы орташа номиналды жалақы көлемі ЕАЭО-ның барлық елінде өскен. Әсіресе, Беларусь (113,0%) пен Ресейде (109,1%) ерекше өсім байқалады.
Ал Қазақстандағы Қаржы министрлігінің дерегіне сүйенсек, осы жылдың бірінші ақпанында елдегі орташа атаулы жалақы 434 982 теңгеге жетті. Қаңтарда бұл көрсеткіш 390 мың теңге еді. Бір ай ішінде жалақы бірден 44 мыңға өскен.
Елімізде ең көп жалақы алатын қызметкерлер тізімінде IT секторы, мұнай және газ саласы, қаржы және инвестиция мамандары көш бастап тұр.