Доллар бағамы 518 теңгеден саудаланып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
валюта бағамы
Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық валюта курсы әлі де арзандап жатыр. Қазақстан қор биржасындағы кешкі саудада теңге/доллар жұбындағы орташа бағам 518,50 теңгені құрады.

Күні кеше доллар бағамы күрт қымбаттап, 519 теңгеге дейін күшейген еді. Ал ресейлік рубль 6 теңгеден саудаланды. kurs.kz сайтының дерегіне сәйкес, Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар 514-517 теңгеден сатылып жатыр.

Бүгін Ұлттық банк нарықтағы ұлттық валютаның құбылуына қатысты пікір білдірді. Реттеушінің түсіндіруінше, оған әлемдік нарықтағы өзгерістер, мұнай бағасының арзандауы тәрізді сыртқы факторлар әсер еткен. Қазір ол валюта нарығындағы жағдайды бақылап отыр. Бірақ теңге бағамын реттеуге араласуы да мүмкін.

«Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр, сондай-ақ, қажет болған жағдайда, айырбас бағамын тұрақсыздандыратын шамадан тыс құбылмалылыққа жол бермеу үшін қажет шараларды қабылдауға дайын», – деп хабарлады банк баспасөз қызметі.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев мұнай арзандай берсе, теңге одан әрі құнсызданады деп болжайды. Оның сөзінше, мұнайдың баррелі 60 доллар болса, шетелдік валюта 530 теңгеге, егер 50 доллар болса, америкалық валюта бағамы 580 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Бірақ мұндай жағдайда Ұлттық банк интервенция жасайды деп күтудің қажеті жоқ дейді сарапшылар. Өйткені бүгінде теңге бағамын ұстап тұруға тырысу – тиімсіз. Қазақстанның алтын-валюта резервіндегі доллар бекерге күйіп кетеді.

Сондай-ақ оқыңыз