Тағы бір ломбард лицензиясынан айырылып, жұмысы тоқтады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Ломбард Astana Gold жұмысын тоқтатты / Фото: Kursiv Media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) «Ломбард Astana Gold» ЖШС-ны лицензиясынан айырды. Бұл туралы агенттік сайтында жазылған.

Лицензиядан айыруға ломбардтың қатарынан алты ай ішінде қызмет істемегені себеп болды. Бірақ оның борышкерлері ары қарай да ұйым алдындағы борышын төлеуді жалғастыра беруі керек.

«Микроқаржы қызметін (ломбард қызметін) жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру қарыз алушыларды ұйым алдындағы өз міндеттемелерін толық көлемде орындау міндетінен босатпайды. Қарыз алушылар микрокредит беру туралы жасалған шарттардың талаптарына сәйкес компания алдындағы міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапты болады», – деп ескертеді агенттік.

Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, «Ломбард Astana Gold» капиталы жөнінен елдегі 500-ге жуық ломбардтың ішінде 477-орында тұр. Балансындағы қаржы 50 млн теңгені құрайды.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қонаевтағы «ProfitЦентр» микроқаржы ұйым лицензиядан айырған. Оған ұйымның уәкілетті органның, Ұлттық банктің нормативтік құқықтық актілерін үнемі бұзуы себеп болды.

Жабылған микроқаржы ұйымы немесе ломбардтан алған қарызды төлеу тәртібі жайлы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз