Айына 3 млн теңге айлық алатындар салықты да көп төлейтін болады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Жеке табыс салығы қалай есептеледі / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда жоғары табыс табатындар салықты да көп төлейтін болады. Мұндай өзгеріс жаңа Салық кодексіне енгізілген. Құжатты бүгін Мәжіліс мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.

Жаңа Салық кодексінде жеке табыс салығына дифференциалды мөлшерлеме енгізіледі. Яғни азаматтар жоғары табыс тапса, көп салық төлемек. Қазір қанша айлық алсаң да, жеке табыс салығы – 10%.

Енді жаңа заң жобасында жылына 8500 айлық есептік көрсеткіштен асатын айлық алатындар 15 пайыз жеке табыс салығын төлейді делінген. 2025 жылға 1 айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңге деп белгіленгені белгілі.

Яғни жылына – 33,4 млн теңге, ал айына 2 млн 780 мың теңге айлық алатындар 10% салық төлейді. Егер жылдық табысы 33,4 млн теңгеден асса, осы сомадан 15% салық төлеуі тиіс.

Қазақстанда қанша адам 3 млн теңге айлық алады

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, Қазақстанда 3 млн теңгеден жоғары айлық алатындар көп емес.

«Салық декларациясы деректеріне сәйкес, Қазақстанда айына 3 млн теңгеден асатын жалақы алатын 26,7 мыңнан астам жалдамалы қызметкер бар», – деді Әмрин.

Дивидендке де салық салынады

Одан бөлек, ірі компаниялардан қомақты дивиденд алатын акционерлер оған да салық төлейді. Мәселен 1 млрд теңгеге дейін дивиденд алса, содан 5%-ын қазынаға жібереді. Егер 1 млрд теңгеден көп дивиденд түссе, онда 15 пайыз салық төлеуі тиіс.

Бұл ретте бейрезиденттер де кірісінен салық төлейді. 60 мың АЕК-ке дейін, яғни 2,4 млрд теңгеге дейін кірісі барлар 10 пайыз, одан асса 17 пайыз салық төлейтін болады.

Жаңа Салық кодексін Сенат мақұлдап, Президент қол қойса, қосымша құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін өседі. Одан бөлек, қосылған құн салығын төлеуі тиіс кәсіпкерлер қатары көбейеді. Жылдық айналымы 40 млн теңгені құрайтын шағын кәсіпкерлер де ҚҚС төлеушілер санатына енеді.

Сондай-ақ оқыңыз