Назарбаев университеті қоры Қазақтелекомнан 10 млрд дивиденд алады

Жарияланды 16 Мамыр 2025 11:03

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Nazarbayev University-ге тиесілі қор Қазақтелеком акцияларын ұстап отыр / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Nazarbayev University-ге тиесілі қор Қазақтелеком акцияларын ұстап отыр / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Назарбаев университетінің Әлеуметтік даму қоры «Қазақтелекомның» 3,4% қарапайым акцияларына ие. Енді ол компаниядан 10 млрд теңгеге жуық дивиденд алады.

Университеттің әлеуметтік даму қоры өкілдері алғаш рет KZTK акционерлерінің жылдық жиналысына қатысты. Бұл туралы Қазақстан миноритарлы акционерлер қауымдастығы (QAMS) хабарлады.

«Қазақтелекомның» Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған 2024 жылдың қорытынды есебінде Әлеуметтік даму қоры KZTK акцияларының 3, 4% пайызына ие екені жазылған.

Бір күн бұрын «Қазақтелеком» акционерлерінің жылдық жиналысында 293,4 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеу туралы шешім қабылданды. Компания әр акция үшін 26,6 мың теңге дивиденд төлеуді көздеп отыр.

Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, «Қазақтелеком» акцияларының 80,85%-на «Самұрық Қазына» иелік етеді. Оған 237,25 млрд теңге дивиденд төленеді. Ал 26,97 млрд теңгені Telecom Systems LTD алады. Компания акциялардың 9,19%-на ие. Акциялардың қалған 9,96%-ы миноритарлы акционерлерге тиесілі. 29,23 млрд теңге соларға дивиденд ретінде таратылады. Ал университ қоры 9,98 млрд теңге алады.

Назарбаев университетінің бірнеше салалық мекемесі бар. Солардың бірі – «Әлеуметтік даму қоры» корпоративтік қоры. 2012 жылы құрылған осы мекемені былтырдан бері Саят Нүсіпов басқарады.

«Қазақтелеком» дивидендті 2024 және одан алдыңғы жылдарда бөліске салынбаған табыстан төлеуді көздеп отыр. Былтыр компания 74 млрд теңге табыс тапқан. Ал оның алдыңғы жылдардағы бөлінбеген табыс көлемі 219,2 млрд теңгеге жеткен. Осылардың бәрін қоса есептегенде, дивиденд көлемі әр акция үшін 26,6 мың теңге болған.

Сондай-ақ оқыңыз