Қызметін асыра пайдаланған: АҚШ соты Трамп тарифтерін бұғаттады

Құрама Штаттардың халықаралық сауда жөніндегі соты президент Дональд Трамп тарифтерін бұғаттау жөнінде шешім шығарды. Сот Ақ үй басшысы қызметін асыра пайдаланған деп есептейді. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Трамп әкімшілігі сот үкімі шыға салысымен апелляциялық шағым түсіріп, сот құзыретіне күмән келтірді. Манхэттен халықаралық сауда және кеден заңнамасы жөніндегі сот үкіміне шағым АҚШ Жоғарғы сотына дейін жетуі мүмкін деп болжайды Reuters.
Сот екі түрлі шағым бойынша шешім шығарған. Солардың бірін АҚШ-тағы 13 штат, екіншісін бес америкалық кәсіпорын түсірген.
Бұл шешім Трамптың соттағы ең ірі жеңілісі деп атады Bloomberg. Құрама Штаттарда президенттің федералдық қызметкерлерді жаппай жұмыстан шығаруына қарсы істер де қаралып жатыр.
Сауда сотының үкімі күшін жоғалтпаса, онда Трамптың баж салығын басқа да елдермен саудаласу үшін қолдану стратегиясына сызат түсіруі мүмкін. Ақ үй Құрама Штаттардағы 1,2 трлн доллар тауар тапшылығы мәселесін шешкісі келеді. Трамп былтыр президент сайлауы қарсаңында осындай уәде берген.
2025 жылғы сәуірде әлемнің көптеген еліне баж салығын салған Трамп елдегі тауар дефицитін ұлттық ауқымдағы төтенше жағдай деп сипаттаған. Президент әкімшілігі әсіресе Қытайға шүйліккен. Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысы барлық салаға әсер етіп жатыр.
Трамп әкімшілігі Қазақстанға да баж салығын 27%-ға дейін көтерді. Қосымша салық фосфор, феросилиций, линзалар, бидай глютені, аммоний нитраты секілді тауарларға салынады. Сәуірдің аяғында Қазақстан мен АҚШ-тың баж салығына байланысты келіссөздері басталды.