
19 маусымнан бастап Отбасы банк алдын ала және аралық қарыздарды рәсімдеу үшін алынатын комиссияны екі есе көбейтеді. Соңғы он жылда комиссия алғаш рет көтеріліп отыр.
Не өзгереді?
Бұрын комиссия ретінде қарыздың 0,5%-ы ғана және 100 мың теңгеден көп емес сома алынатын еді.
Енді қарыздың 1%-ы және 300 мың теңгеден көп емес сома алынады.
Бұрын қарыз алушы 20 млн теңге несие алғанда оның 100 мың теңгесін комиссияға төлейтін болса, енді 200 мың теңге төлейді. Ал несие көлемі 30 млн теңге болса, онда комиссия ретінде 300 мың теңге алынады.
«Кеше ғана 20 млн теңгеге өтінім қабылдадым, комиссия 115 мың теңге болған. Ал 19 маусымнан бастап бұл сомаға 210 мың теңге комиссия алынатын болады»,- дейді «Отбасы банктегі» қаржы консультанты Әсел Қомза Inbusiness-ке берген пікірінде.
Бірақ бұл өзгерістердің «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» мемлекеттік бағдарламасының аясында өтінімі қабылданған борышкерлерге қатысы болмайды.
Неге комиссияны көтерді?
Банктің түсіндіруінше, қарыз беру кезінде операциялық шығындар артып жатқандықтан, осындай шараға барған. Соңғы рет комиссия көлемі 2014 жылы өзгерген еді.
Ескерте кетейік, жаңа өзгерістер 2025 жылғы 19 маусымнан бастап берілетін несие өтінімдеріне қатысты болады. Егер несиеге өтінім осы күнге дейін берілсе, комиссия мөлшері қарыз сомасының 0,5%-ын ғана құрайды. Ал коммерциялық банктерде ипотека үшін комиссия мөлшері 1%-2% аралығында болады.
Жаңа өзгерістерге байланысты сарапшылар тезірек ипотеканы рәсімдеуге немесе кредиттік өтінішке беруге кеңес береді. Себебі комиссия көтерілсе, ипотека алу да қымбаттайды. Бірақ ескеретін дүние, сіздің ай сайынғы төлеміңіз емес, бастапқы шығыныңыз (қосымша бір реттік төлем) артады.