
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Тоқаев ЕҚДБ-мен арадағы әріптестіктің ел экономикасының түрлі салаларына, соның ішінде шағын және орта бизнеске, энергетика мен ауыл шаруашылығына елеулі серпін бергенін атап өтті.
Мемлекет басшысы банк тарапынан «жасыл экономика» бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған инвестициялық қолдауды құптайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Одиль Рено-Бассо Қазақстанның инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, ЕҚДБ инфрақұрылымдық жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жақында ұзындығы 234 шақырымды құрайтын Ақтөбе – Ұлғайсын автожолын жаңғыртуға қаржы бөлу туралы шешім қабылданған. Бұл бағыт ішкі және халықаралық көлік тасымалын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Банк президенті Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы әріптестік табысты дамып келе жатқанын, соның ішінде 2024 жылы инвестициялар көлемі екі есе артып, 1 миллиард еуроға жуықтағанын атап өтті. Сонымен қатар, ЕҚДБ еліміздің көлік саласын, энергетика секторын дамытуға қолдау көрсетуге әзір екенін нақтылады.
Кездесу соңында тараптар бірлескен жобаларды жалғастырып, өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете беруге ниетті екенін білдірді.