Қымбат зат алғаннан кейін қалай қалыпқа келуге болады?

Жарияланды 25 Маусым 2025 08:37

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Қаржылық қажу деген не?/Фото: shutterstock

Үй не көлік алған соң, қымбат елге саяхаттап келген соң, болмаса бизнес не емге көп ақша шығындағаннан кейін қалта ғана қағылып қалмайды. Оған қоса эмоциялық күйіміз де «шайқалады». Әрине, жақсы сезім сыйлайтын дүниеге ақша шығындаған жақсы. Бірақ «қаржылық қажу» деген барын да ескеру керек. Мұндайда адам ақша санағаннан ғана шаршамайды. Бұл жерде апатия мен мазасыздық қосылады. Осындай күйге түссеңіз не істеу керек, қайтадан аяққа тік тұрып, бюджетті қалай қалыпқа келтіруге болатынын айтайық.

Қаржылық қажу деген не?

Бұл — ақша тапшылығы ғана емес, оған деген қарым-қатынастың да өзгеріп, адамның эмоциялық және ментал шаршаған күйі. Бұл қай кезде болады?

  • Ойламаған жерден көп ақша құртқан кезде (ауырып қалып емделгенде, айыппұл келіп қалғанда және т.б);
  • Жоспарда болған дүние, бірақ психологиялық тұрғыда дайын болмаған кезде ,(көшу, той, оқу және т.б);
  • Өзіңізді кінәлі сезінбес үшін ғана қабылданған ақшаға қатысты шешімдер (сыйлық, қарыз, ақталмаған инвестиция деген сыңайлы).

Осындай дүниелердің нәтижесінде қаражат азайып, күйзеліс көбейеді. «Қажетім өтелді» деп он жерден ақтағыңыз келсе де, бойда мазасыздық кетпей қояды.

Қаржылық тұрғыда қажығанның белгілері

  • «Ойланбай алған заттар» үшін өзіңізді кінәлай бересіз;
  • Дүкенге барған сайын іштей мазасыз боласыз;
  • Ақша туралы әңгіме айтпауға тырысып, қашқақтайсыз;
  • «Ақша өмірі жетпейді» деген сезім кетпей қояды;
  • Жоспарлауға, ақша жинауға құлшыныс болмайды.

Неге қалыпқа келу қиын?

  • Тапшылық психологиясы себеп
    Әр ауқымды шығыннан соң мида мазасыз реакция болады. Ол «бітті, бізде дым жоқ» деп қорқа бастайды. Тіпті шотыңызда әлі ақша тұрса да, барынша үнемдеп, құдды далада қалған адам сияқты сезіне бастайсыз.
  • Ойды қайта жүктеу керек болады
    Жоспар, есеп, салыстырудың бәрі адамды қажытып жібереді.
  • Кері кетіп бара жатқандай сезім туады
    Жинағаныңыздың бәрі босқа кеткендей сезім болуы мүмкін. Енді қайтадан нөлден жинау керек деген ойдың өзі шаршатады. Сол нәрсе адамды кері тартады.

Көп ақшадан айырылғаннан кейін қалай бұрынғы қалыпқа түсуге болады?

1. Бұл жерде мәселе тек ақшада емес. Соны мойындаңыз

Шығынды бұлай қабылдағанда тұрған ештеңе жоқ. Ол шешім дұрыс болсын, бұрыс болсын — іште қаңырап қалғандай сезім болуы заңдылық. Сондықтан, бірінші кезекте, өзіңізді құнсыздандыра бермеңіз. Сонда да тарқамай қойса, қолға қалам мен қағаз алыңыз. Ішіне шығынның бәрін тізіп шығыңыз. Ол не мақсатта жұмсалғанын жазыңыз. Келесі күні сол жазғаныңызды оқыңыз. Мазасыздықты азайтуға көмектесуге тиіс.

2. Үзіліс жасаңыз. Шығынды да, есепті де қоя тұрыңыз

Көп ақша шығындағаннан кейін ақшадан «эмоциялық детоксикация» жасаған абзал. Яғни:

  • Сағат сайын балансты тексере бермеңіз;
  • Үрей тудыратын болса, ақша туралы әңгіме қозғамауға тырысыңыз;
  • Қаражатқа қатысты қолданбаларды басты беттен алып тастап, көзден уақытша таса қыла тұрыңыз.

3. Негізгі ережелерді біртіндеп қайта енгізе бастаңыз

Бірден бір жылға жоспар жасап тастаудың керегі жоқ. Аз-аздан бастап көріңіз:

  • Сан мен есепке деген қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін басында 2-3 күндей шығындарды жазып алып жүріңіз;
  • Күніне бір рет саналы шешімге келіп отырыңыз. Кофені үйден алып шығыңыз, жаяу жүріп қайтыңыз, қажеті жоқ зат алудан өзіңізді дер кезінде тоқтатыңыз.

4. Шығындарды қайта қарап, ештеңе жоғалтпағаныңызға көз жеткізіңіз

Шығындарды былай екіге бөліп қараңыз:

  • Бір реттік және аяқталған шығын (операция, оқу, техника);
  • Тұрақты (сабскрайб, жал құны, кредиттер).

Негізі біз көбіне бір реттік шығындарға қатты уайымдаймыз. Бірақ егер ол маңызды әрі саналы шешім болса, онда оны инвестиция деп қабылдап үйренген жақсы.

5. Сенімділікті қалыпқа келтіру үшін микро шығыннан бастаңыз

Мәселен:

  • Бір аптада 10 000 теңге қорға жинап қойыңыз;
  • Азғантай қарызды жабыңыз;
  • Шығындалуды аса қажет етпейтін, арзан бірақ маржан, қуаныш сыйлайтын әрекеттер тізімін жасаңыз.

Осылайша бәрін бақылауда ұстап алатыныңызға сене бастайсыз. Бұрынғы сенімділік біртіндеп қалыпқа келеді.

6. Ақша туралы әңгімені сізді қолдайтын адамдармен ғана талқылаңыз

Токсик адамдардан алшақ жүрген жақсы. Мына сөздерді жиі айтатындарға жоламаңыз:

«Құрсын, сонша ақшаны адам құрта ма екен?»
«Өйстесің де жүресің. Ақшаны жинап-жинап келіп ауаға шаша саласың» деген сыңайлы.

Одан гөрі сізді сынап-мінемейтін, қайта қолдайтын адамдармен сөйлесіп, күш жинаңыз.

Естеріңізде болса, бұған дейін ұсақ шығындар арқылы өмір салтымыз қалай байқалмай қалыптасатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз