
2025 жылғы 23-26 қыркүйекте Алматы қаласында Орталық депозитарийлердің Дүниежүзілік форумы (WFC) өтеді. Оны ұйымдастыруға 315 млн теңгеден аса қаражат бөлінді. Мәлімет Ұлттық банк пен соның ұйымдарының сатып алу порталында жарияланды.
World Forum of Central Securities Depositories биыл Қазақстанда өтетіні екі жыл бұрын мәлім болған. Мұндай шешім 2023 жылғы мамырда Прага қаласындағы форум барысында қабылданған.
WFC әдетте екі жылда бір мәрте ұйымдастырылады. Ауқымды іс-шара Орталық Азия елдерінің бірінде алғаш рет өткелі отыр. Форум орталық депозитарийлердің бес аймақтағы қауымдастығын біріктіреді. Олар: Азия-Тынық Мұхит тобы (ACG), Америка (ACSDA), Еуразия (AECSD), Еуропа (ECSDA) және Африка мен Таяу Шығыс (AMEDA).
«Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ жариялаған тапсырысты «Matin Media» ЖШС жеңіп алды. Халықаралық конференцияны Алматы қаласында ұйымдастыру 315 616 964 теңгеге бағаланды. Сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға АҚ Басқарма төрағасы Еділ Медеу қол қойды.
Үлкен форум ұйымдастыру тапсырысын алған «Matin Media» Астана қаласында тіркелген. Компания 2023 жылы құрылған. Egov мәліметінде оның құрылтайшысы әрі жетекшісі деп Камирова Әсел Мырзатайқызы көрсетілген.
WFC 2025 Almaty форумына бес өңірлік қауымдастықтың, сонымен бірге бағалы қағаздар нарығының өкілдері жиналады. Төрт күнге созылатын конференцияға 300 адам қатысады.
Тапсырыстың техникалық сипаттамасындағы мәліметке қарағанда, осы форумға қатысу үшін Алматыға кемі 200 адам келеді. Олар төрт күн бойы мегаполистің ең тартымды жерлерін аралайды:
- 23 қыркүйекте Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда 200 адамға кешкі ас беріледі;
- 24 қыркүйекте Көктөбеде 250 адамға арналған гала-кешкі ас ұйымдастырылады;
- Ал 25 қыркүйектегі қоштасу кешкі асын өткізу үшін Әл-Фараби даңғылы бойындағы мейрамханада 200 адамға дастархан жайылады;
- 26 қыркүйекте 150 қонақ Шымбұлаққа шығып, төрт сағат бойы он атпен серуендеп, сол жердегі түрік мейрамханасында түстенеді.
Қала қонақтарына «Salem, Almaty» кітабы сыйға тартылады.