
Жұма, 11 шілдеге арналған валюта бағамы анықталды. Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, қазір 1 АҚШ доллары 518,34 теңге тұрады. Ұлттық валюта бағамы екі күн бойы нығайса, Bitcoin жаңа рекорд орнатты. Басқа да криптовалюта құны артты.
Доллар тағы да арзандады
Доллар бір тәулікте 0,56 теңгеге арзандады. Теңге кеше де нығайған. Жалпы алғанда, шілде айы ұлттық валюта үшін айтарлықтай тұрақты болып тұр. Теңге 24 маусымнан бері шамамен 518-520 теңге аралығында сақталып тұр. Салыстырар болсақ, тура бір ай бұрын доллар 508 теңге болған. Содан бері АҚШ валютасы шамамен 10 теңгеге күшейгенімен, кейінгі бірнеше күн бойы теңге құнын айтарлықтай жоғалта қойған жоқ.
Kurs.kz сайтының мәліметінше, Алматы қаласындағы ақша айырбастау мекемелерінде бір доллар 519,5 теңгеден қабылданып, 521 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласындағы валюта саудасы – 517 және 523 теңге.
Bitcoin мен басқа да криптовалюта қымбаттады
Бейсенбі, 10 шілдеде Bitcoin (BTC) 112 мың доллар межені бағындырып, жаңа рекорд тіркеді. Бірақ одан кейін сәл ғана арзандады. Қазір BTC шамамен 111 мың доллардан саудаланып жатыр. Бұған дейін Биткоин бірнеше күн бойы бір орында тұрған.
Биткоин капиталы – 2,2 трлн доллар. Оның нарықтағы құны бір тәулікте әжептәуір өскенін байқап отырмыз.
Бұған дейін мамандар осы айда биткоин 115-118 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін деп болжаған. Сарапшылардың айтқаны рас секілді.
BTC ғана емес, бейсенбі күні басқа да криптовалюта көтерілді. Мәселен, Ethereum (ETH) бағамы бірден 6%-ға өсіп, 2 782 долларға дейін жетті. Бір тәулік бұрын ETH шамамен 2 591 доллар тұрған. Енді Эфириум бір тәулікте шамамен 200 долларға көтерілгенін көріп отырмыз. Эфириум капиталы – 335 млрд доллардан асты. Капитал бір тәулікте 20 млрд долларға өсті.
Binance Coin (BNB) токенінің құны да бір тәулікте 1,45%-ға артып, 10 долларға қымбаттады. Ол қазір шамамен 670 доллар тұрады. Айта кетейік, Бинанс Коин тәулік бойы 673 доллар межені бағындырып, қайта түскен. BNB-дің нарықтағы құны – шамамен 93,3 млрд доллар.