
Жұбайыңыз сізге ескертпестен несие алса оны кері қайтаруға бола ма? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) ол тұтынушылық несиені қалай жоюға болатынын түсіндіретін нұсқаулық әзірледі.
Қазіргі ереже бойынша банк немесе микроқаржы ұйымы (МҚҰ) жұбайының келісімінсіз несие бере алмайды. Бірақ ондай жағдай болса, кредит жайында білмеген адам банкке немесе микроқаржы ұйымына (МҚҰ) барып, ақпарат сұрауы керек. Мысалы: несие сомасы, шарттың күні, несиелік келісімнің көшірмесі ала алады.
Сосын несиені жұбайының келісімінсіз алғанын көрсетіп, оны жоюды сұрап өтініш жазасыз. Қаржы ұйымы сізден оны растайтын дәлел сұрауы мүмкін. Келісімсіз несие алғанын растағаннан кейін ғана, кредит жойылады.
Банк, микроқаржы ұйымы келіспесе, банк омбудсменіне шағымдануға болады. Ол жерде қолдау таппасаңыз, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге мүмкіндік бар. Ол үшін e-Otinish порталы, Қазпошта немесе агенттіктің Алматыдағы кеңсесіне жазбаша өтініш тапсыру керек. Өтінішпен бірге банк жауабының көшірмесі мен жеке куәлік және несиенің алынғанын растайтын құжаттарды да жіберіңіз.
Еске салайық, жаңа өзгеріс бойынша енді 1000 АЕК-тен немесе 3,9 млн теңгеден асатын несие алатын кезде міндетті түрде жұбайының да келісімі болуы қажет. Оған дейінгі көлемдегі кредит үшін келісім болуын талап етпейді.