Үкімет экономикаға триллиондап ақша құюды жалғастыра береді

Жарияланды 15 Шілде 2025 10:26

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Қазақстан экономикасы
Фото: ашық дереккөзден

Үкімет Экономиканы тиімді өсіру бағдарламасын әзірлейді. Жобаның мақсатына жету үшін «Бәйтерек» холдингінің қаржы ресурсын пайдаланады. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында «Бәйтерек» арқылы маңызды салаларды қаржыландыру 2,9 трлн теңгені құрады. Жыл соңына дейін бұл соманы 8 трлн теңгеге жеткізу деген жоспар бар.

«Бұл экономикаға 1,3 пайыздық пункт қосымша өсім береді. Бюджеттен холдингті капиталдандыру әлі де жалғаса бермек. Бұл нақты сектордың мүмкіндіктерін кеңейтуге салатын үлесіміз», – деді Жұманғарин баяндамасында.

Бұл неге маңызды?

«Бәйтерек» холдингін капиталдандыру дегеніміз – мемлекет ұйымға өз қаржысын салуды жалғастырады. Ол қаржы «Бәйтерек» арқылы шағын және орта бизнес, өнеркәсіп саласы, зауыт пен кәсіпорын өндірісі тәрізді нақты секторларға барады.

Осы жылы көктемде мемлекет «Бәйтеректің» капиталын ұлғайтуды яғни ұйым қаржысын 1 трлн теңгеге дейін көбейтуді шешкен еді. Соның нәтижесінде холдинг елдегі кәсіпкерлікті қолдау, негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларға 8 трлн теңгеге дейін бөле алады. Ал экономикасына 37,8 трлн теңге салым құйылады деген жоспар бар.

Бірақ сарапшылар бұл стратегияны сынға алды. Экономист Алмас Чукин мемлекеттік нарыққа араласуы ойыншыларға тең жағдай жасамайды деп есептейді. Оның сөзінше, бір жағынан Ұлттық Банк инфляцияны тежеп жатқанда, үкіметтің осылай экономикаға ақша құюы кері әсерін тигізеді.

Сондай-ақ оқыңыз