
Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Жаңа салық кодексті қарапайым халыққа және кәсіпкерлерге ауыр тимей ме?» деген сұраққа жауап берді.
«Геосаясат қазір өзінің әсерін көрсетіп жатыр. Тарифтік бағдарлама іске асырылғанда мұндай жағдай болған жоқ. Тарифтік реформаны тоқтатып жатқан жоқпыз, бірақ тежеп жатырмыз.
ҚҚС-ті 4%-ға көтеру бизнеске әсер етеді. Менің ойымша, көбісі естігеннен бастап бағасын көтеріп жіберді. Сондықтан Салық кодексі жұмысын келесі жылдан бастайды. Бірақ инфляцияға әсерін қазірден сезіп жатырмыз», – дейді Жұманғарин.
Ұлттық экономика министрі бұдан кәсіпкерлердің саны азайып қалмайды деп санайтынын айтты.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Салық Кодексіне қол қойды.
Не өзгереді?
Жаңа кодекске сәйкес салық есептілігінің көлемі 30%-ға, салық саны 20%-ға азаяды. Бұдан бөлек жеңілдіктер мен алым түрлері де оңтайландырылмақ.
«Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Жаңа Салық кодексінің басты жаңалығы – қосылған құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға көтерілуі.