ҰБ араласты ма: KASE-дегі доллар саудасына 200 млрд жұмсалды

Жарияланды 30 Шілде 2025 14:43

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Доллар саудасына Ұлттық банк араласты ма / фото: shutterstock
Доллар саудасына Ұлттық банк араласты ма / фото: shutterstock

30 шілдеде ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 550 теңгеден асып барып, қайта төмендеді. Бұл күні Қазақстан қор биржасында (KASE) шамамен 200 млрд теңгеге валюта саудасы жасалды. Соған қарағанда, оған Ұлттық банк (ҰБ) араласқан болуы мүмкін.

Сәрсенбі күні түске қарай Қазақстанның екінші деңгейлі банктері мен ақша айырбастау мекемелерінде 1 АҚШ долларының құны 550 теңгеден асып жығылды. Кей пункттер тіпті долларды 552 теңгеден сатты. KASE-нің өзінде көк ақша 550 теңгеден саудаланды.

Түскі сағат 13.00 шамасында валюта биржасында шамамен 160 млн долларға сауда жасалған. Алайда сағат 13.40 шамасында KASE-дегі ақша операциясы бірден 300 млн доллардан асып түсті. Содан-ақ іске ірі ойыншы араласқаны мәлім болды.

Қазір мұнда шамамен 210 млрд теңгеге, яғни 385 млн долларға ақша операциясы жасалғанын көріп отырмыз. Салыстырар болсақ, бір күн бұрын – 29 шілдеде KASE-дегі валюта саудасы 202 млн доллар болған.

Әлбетте, валютаға қомақты қаржы құйылған соң, доллардың беті қайтты. Түскі сағат 14.30-те KASE-де 1 доллар 543 теңге болды. Алматыдағы ақша айырбастау мекемелері Құрама Штаттар валютасын 546 теңгеден сата бастады. Алайда Астанада 550 теңге сақталып тұр. Екінші деңгейлі банктер де көк қағаз құнын төмендетті.

Kursiv.Media ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамының күрт құбылуына қатысты сауалдарын Ұлттық банкке жолдады. Материал жарияланған уақытта қаржы нарығын қадағалаушы мекемеден жауап келген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптаның аяғында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамына интервенция көмектеспейді деп мәлімдеген.

Айта кетейік, ұлттық валюта 2025 жылғы наурыздың ортасынан бері шамамен 60 теңгеге құнсызданды.

Сондай-ақ оқыңыз