Репо «техникалық акционер» болуға жол ашады
Жуырда қазақстандық жетекші медиаларда Kcell компаниясының акция иелерінің тізімінде жаңа акционер «Жасыл Даму» қоры пайда болды, оның үлесі 5,53%-ды құрайды деген күтпеген жаңалық шығып, қызу талқылана бастады.
Ақпараттық кеңістікте бірден түрлі болжамдар мен сауалдар қарша борады. Бұл жасырын сатып алу ма, дайындық па, әлде күрделі стратегиялық жоспар ма деген болжамдар туындады.
Алайда шындық, экономикада жиі кездесетіндей, әлдеқайда қарапайым әрі кей жағдайда конспирологиялық теориялардан да қызығырақ. Біз куә болған жағдай — қандай да бір астыртын жоспар емес, бұл — техникалық сипаттағы артефакт. Оның аты – репо. Ал репо қалай жұмыс істейтінін түсіну — ақша нарығының ғана емес, бүкіл заманауи қаржы жүйесінің құпияларына бастайтын жол.
Мәселен, сізде актив, акция бар дейік. Сіз оны сатқыңыз келмейді, өйткені оның алдағы ұзақмерзімде өсетініне сенімдісіз. Алайда сізге аз уақытқа шұғыл қолма-қол ақша керек. Сіз не істейсіз? Барып, қаржыгер-достарыңыздан «Мынау менің акцияларым. Осыны кепілге алып, ақша берсеңіздер. Құдай ақы, бір апта (немесе бір ай) кейін, оны кері сатып аламын, ал сіздерге үстінен шамалы комиссия төлеймін» дейсіз. Яғни өз активіңізді міндетті түрде кері сатып алу шартымен ақша алу үшін кепілге қоясыз. Бұл операция – тікелей репо. Нәтижесінде сіз қажет өтімділікті алдыңыз.
Ал енді бұған басқа қырынан, қаржыгер-достардың көзімен қарап көрейік. Оларда ақша бар. Оның акционерлерге пайда әкелгенін қалайды, бірақ тәуекелі аз болу керек. Қысқа мерзімде пайда алғысы келетін қаржыгерлер сізге келіп, «Біз сенің акцияларыңды кепілге алып ақша бере аламыз. Бізге акция керек емес, тек ақшаны пайызбен қайтаратының ғана керек» деген ұсыныс жасайды. Ал бұл кері репо. Бұдан шығатын қорытынды қаржыгерлер өз қаражатын қауіпсіз орналастырды.
Келісім жасау барысында қаржыгер-достардың компаниясы (біздің жағдайда бұл «Жасыл Даму») ресми түрде сіздің акцияларыңызды иесі атанады. Компания атауы акционерлер тізіліміне шығады. Алайда бұл компания инвестор ма? Акцияларды сатып алды ма? Биржаға бұйрық берді ме? Жоқ, тағы да қайталап айтамыз, жоқ! Компания акцияны тек кепіл ретінде ұстады. Компания тәуеуелге барған жоқ. Яғни Kcell акциялары арзандаса, оның өскенінен пайда таппас еді. Компания тек екеуара келіскен комиссиядан ғана пайда көреді.
Kcell акцияларына қатысты болған жағдай – бұл өндірістік көлемдегі тап осындай операция. Бір ойыншы – «Жасыл Даму» – Kcell акцияларын кепілге алып қолында бар артық ақшаны орналастырды. Бұл компания үшін ақшаны өте қысқа мерзімге, өте сенімді депозитке салғанмен бірдей. Депозиттен айырмашылығы – ақшаны уақытша акцияға айырбастап қысқа мерзімге компания акционері болуда ғана.
Біз, «Фридом Финанс», «Жасыл Дамуға» қызмет көрсететін брокер-компания ретінде біздің клиент Kcell акияларын сатып алу немесе сату бойынша келісімге қатыспағанына куәлік ете аламыз. «Жасыл Даму» қаражаты орталық контрагентпен (KASE клирингтік орталығы) репо құралдарына орналастырылған. Көрсетілген бүкіл кезең ішінде клиент тарапынан биржада да, биржадан тыс та, акцияларды сатып алу немесе сату бойынша – нарықтық та, лимиттік те – бірде-бір сауда бұйрығы берілмеген.
Репо операциялары – алыпсатарлық емес, бұл өтімділікті тиімді басқаруға мүмкіндік беретін нарықтық экономиканың қозғалтқышындағы май іспеттес құрал екенін атап өткім келеді. Қаржылық ұйымдардың басым бөлігі осы құралды пайдаланады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасындағы (KASE) репо мәмілелерінің көлемі 262 трлн теңгені құрады. Салыстыра қарасақ, сол кезеңдегі бағалы қағаздар нарығының жалпы айналымы – 13 трлн теңге, ал валюта нарығындағы– 38 трлн теңге болған. Демек, репо операциялары биржадағы жалпы айналымның үштен екісін қамтиды. 2024 жылы әрбір сауда күнінде KASE алаңында орта есеппен 755 репо мәмілесі жасалған.
Кейде БАҚ үшін сенсация болып жатқан дүние – қаржы саласындағы қарапайым, күнделікті операцияның бір түрі ғана. Бұдан медиа өкілдерінің көңілі қалуы мүмкін бе? Иә, мүмкін. Бірақ бұл аттары аталған компаниялардың стейкхолдерлері үшін жақсы жаңалық. Бұл – Қазақстанның қаржы нарығының талап етілгендей жұмыс істеп жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейтін жайт. Яғни тыныш, тиімді, сенімді әрі көбіне өте қызықсыз көрінуі мүмкін. Бірақ экономикадағы ең қызықсыз дүниелер – әдетте ең маңыздысы болады.