
Алматыда Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында балаларға арналған артроскопия бойынша халықаралық мастер-класс өтті.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына қарағанда, бұл – буынға аз жарақатпен жасалатын заманауи хирургиялық әдіс.
Ауыр патологиясы бар балаларға көмек
Қазақстан мен Ресейден келген мамандар тірек-қимыл аппаратының ауыр патологиясы бар балаларға көмектесті. «ВСЕ внутри» әдісі бойынша тізе буынының қызметін қалпына келтіруге бағытталған 24 операция жасалды. Оның ішінде 10-ы – күрделі хирургиялық араласу.
Шараға еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда Шымкент, Тараз, Талдықорған, Ақтау, Атырау және Қызылордадан 38 бала қатысты.
Клиникалық тәжірибе алмасу
Мастер-кластың негізгі сарапшысы — жоғары санатты дәрігер, Санкт-Петербург педиатриялық медициналық университетінің ортопедия бөлімінің меңгерушісі Владимир Авраменко. Оның қатысуы мамандарға тек операция жасау ғана емес, клиникалық тәжірибе алмасуға да мүмкіндік берді.
Мастер-класс «БИ Жұлдызай» қоры мен «Мүмкіндік» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Дәрігерлердің айтуынша, барлық балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Енді олар 3–6 айға созылатын амбулаториялық оңалту курсына дайындалуда.
Құзіретті орталық
Балалар хирургі, БШМКО қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құманалиевтің айтуынша, орталықта балалар артроскопиясы 2020 жылдан бері дамып келеді. Соңғы екі жылда екі ірі мастер-класс ұйымдастырылып, олар арқылы пациенттерге көрсетілетін көмек пен қызмет көлемі артқан.
«Біз Қазақстанның барлық өңірінен балаларды қабылдай алатын құзыретті орталық болуға дайынбыз», — деді Құманалиев.
Айта кететін жайт, Қазақстанда кесар тілігі неге жиі жасалатыны туралы жазған едік.