
Шығыс Қазақстанда майнингпен айналысқан кәсіпорындарға 9 млрд теңгенің электр қуатын заңсыз берілген. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі хабарлайды.
Заңнамаға сәйкес, майнинг кәсіпорынға электр қуатын сату мемлекет рұқсатымен, 1 мегаватт-сағаттан аспайтын көлемде ғана жүзеге асырылуы тиіс.
Алайда, агенттік мәліметінше, бірқатар компания екі жыл қатарынан халыққа, әлеуметтік нысандар мен стратегиялық маңызы бар кәсіпорындарға арналған электр энергиясымен майнинг кәсіпорындарға заңсыз түрде сатып келген.
Қолды болған электр қуатының көлемі 50 мегаватт-сағаттан асады. Бұл 50–70 мың халқы бар қаланы жарықпен қамтамасыз етуге жететін қуат.
«Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті Астанадан екі пәтер мен төрт автокөлік сатып алған. Олар сот санкциясымен бұғатталды», – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Тергеу жүріп жатыр. Сол себепті агенттік іске қатысты басқа да мәлімет жарияламады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы сәуірде Астанада заңсыз майнингпен айналысқан азаматтардың миллиард теңгеге жуық мүлік тәркіленген.