«Теңіз» кен орнын кеңейтсе де, «ҚазМұнайГаздың» таза пайдасы төмендеді

Жарияланды 21 Тамыз 2025 12:40

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: ашық дереккөзден

«ҚазМұнайГаз» осы жылдың алғашқы алты айындағы түсімі 4,5 трлн теңгені құрайды. Бұл былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 6,2%-ға жоғары. Бірақ компанияның таза пайдасы 2,8% төмендеп, 534 млрд теңге болды. Бұл жайлы ҚМГ сайтында жарияланған қаржы есебінде жазылған.

Компания түсімі

ҚМГ түсімнің өсуі KMG International компаниясындағы және «ҚМГ» Корпоративтік орталығы деңгейіндегі мұнай өнімдерін сатудан түскен түсімнің артуымен байланысты. Биыл KMG International зауыттарындағы өңдеу көлемі тұрақты жұмысқа байланысты ұлғайды. Былтыр күрделі жөндеуге байланысты зауыттағы жұмыс шектелген еді. Сондай-ақ теңгенің АҚШ долларына қатысты жылдық әлсіреуі де түсімнің артуына әсер етті.

«ҚазМұнайГаздың» бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасына қатысу үлесі 30,0% өсіп, 349 млрд теңгені (681 млн АҚШ долларын) құрады. Өсім негізінен «Теңізшевройл» ЖШС-дегі үлестің артуымен байланысты. Айта кетейік, осы жылдың басында Теңіз мұнай кенішін кеңейту жұмысы аяқталды. Ал маусымда «Теңіз» кен орнын кеңейту жобасы толық қуатына жетті.

EBITDA 

Компанияның EBITDA көрсеткіші 2025 жылдың қаңтар-маусым аралығында 1 142 млрд теңгені құрап, 16,1% артты.

EBITDA – компанияның негізгі бизнесінің қаншалықты табысты екенін көрсететін халықаралық метрика.

Бұл көрсеткіштің өсуіне мұнай мен газды барлау және өндіру, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеу және өткізу сегменттеріндегі бірлескен кәсіпорындар мен қауымдастырылған компаниялардың пайдасындағы үлестің өсуі әсер еткен. 

Таза пайда 

Компанияның осы жылдың алты айындағы таза пайдасы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8% төмендеп, 534 млрд теңгені құрады.

«Таза пайданың төмендеуі мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуімен, амортизациялық шығындардың өсуімен, өзге қаржылық кірістің азаюымен, еншілес ұйымды шығарудан түскен кірістің төмендеуімен, сондай-ақ теріс бағамдық айырмамен байланысты», – деп түсіндіреді компаниядан.

Айта кетейік, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚМГ «СИБУР Холдинг» кәсіпорнымен жасалған мәміле аясында «Полимер Продакшн» ЖШС-дегі 60% үлесін сатып, одан 3 млрд теңге кіріс тапқан еді.

Сатып алынған мұнай, газ, мұнай өнімдері және басқа да материалдардың өзіндік құны 3,7% өсіп, 2 427 млрд теңгені (4 739 млн АҚШ доллары) құрады. Бұл негізінен KMG International компаниясындағы өңдеуге арналған мұнай құнының өсуімен байланысты. 

Операциялық шығындар 

Өндірістік шығындар 18,7% өсіп, 759 млрд теңгені құрады. Бұл негізінен KMG International мен «KMG Systems & Services» ЖШС-дегі жөндеу және қызмет көрсету шығынының өсуімен, электр энергиясына жұмсалатын шығындардың ұлғаюымен, сондай-ақ Компанияның қызмет ететін өңірлеріндегі өндірістік персоналдың еңбекақысына төленетін шығындардың артуымен байланысты. 

Жалпы және әкімшілік шығындар 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 14,9% төмендеп, 94 млрд теңгені болды.

Таза қарыз

2025 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша «ҚазМұнайГаздың» таза қарызы 803 млрд теңгеге жетті. 2024 жылғы 31 желтоқсанмен салыстырғанда теңгелік мәнде 30,9%, ал долларлық мәнде 30,2% төмендеді. 

Сондай-ақ оқыңыз