
Қазақстан Даму Банкі (ҚДБ) Алматыдағы екі қонақүй құрылысына миллиардтаған қаражат бөледі. Бұл туралы Kursiv.Media банк мәліметі мен қаралып жатқан жобалар тізіміне сүйене отырып хабарлайды.
Radisson қонақүйі
Жоспар бойынша, Алматы қаласында салынуы мүмкін Radisson Turkistan құрылысы 11,9 млрд теңгеге бағаланған. Бизнес-кластағы апарт-қонақүйге қажетті қаражаттың 7 млрд теңгесін (70%) ҚДБ бөледі.
«156 нөмірлі қонақүй Radisson брендінің халықаралық стандартына сай болады. Бренд қызмету көрсету сапасы жоғары, әлемнің қонақүй саласындағы көшбасшылардың бірі», – делінген банк мәліметінде.
ҚДБ дерегінше, қарыз алушы – Everest Development компаниялар тобына кіретін Upstate компаниясы. Оның бенефициары – Бағлан Нұрбосынов.
Кәсіпкер Алматы ипподромы иелерінің бірі екені Shishkin.Like Telegram-арнасында хабарланған. Нұрбосынов оны Everest Development арқылы басқарады. Сонымен бірге, топ-менеджер Mangosteen Development, «Тұмар Строй Инвест» және Everest Capital Management құрылыс компанияларының негізін қалаушы. Everest Development – Sensata Construction Group салған үйлерді сататын сервистік компания.
Қонақүй Пушкин және Мақатаев көшелерінің қиылысында, Көк базардың қарсы жағына салынып жатыр. Ол Radisson брендінің Алматыдағы алғашқы жобасы. Құрылыс 2027 жылдың басында аяқталады.
Hilton қонақүйі
Алматыдағы Hilton ғаламдың желісіне кіретін қонақүй құрылысы қанша тұратыны, ҚДБ нақты қанша қаражат бөлетіні әзірге белгісіз.
Қарызды Trade Market 1 компаниясы алатыны ғана мәлім. Оның иесі – Үсейін Қасанов. 2019 жылы Forbes Қасановтар отбасын танымал девелоперлер қатарына қосқан.
Басылым мәліметінше, оларға Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйі, Ambassador Hotel Almaty, Premier Alatau бизнес-орталығы мен қонақүйі, Atrium және «Арена» сауда үйлері, сонымен бірге Ыстанбұлдағы бес жұлдызды Intercontinental Istanbul қонақүйі тиесілі.
Зиятдин және Үсеин Қасановтар 2019 жылы Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай бизнесмендер тізімінде 140 млн АҚШ долларымен 38-орынды иеленген.
Зиятдин Қасанов Алматы мәслихатының депутаты болған, Ахысқа түріктерінің әлемдік одағы – DATÜB-ті басқарады. Үсеин Қасанов Алматы облыстық мәслихатының депутаты болған.
Жыл басында Қасановтарға тиесілі тағы бір компания – Star Zem ҚДБ-дан ақша сұраған. Kursiv.Media тілшісі құрылыс алаңына барып, құрылыс мердігерінің Sensata Construction Group компаниясы екенін білген.
Hilton қонақүйі Алматының тарихи бөлігінде: Қазыбек би мен Қалдаяков көшелерінің қиылысында, 28 панфиловшылар саябағына жақын жерде салынып жатыр. 16 қабатты ғимарат құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Бишімбаевқа қатысы қанша
Салтанат Нүкенованың қазасына қатысты сотта марқұмның ағасы Айтбек Амангелді Sensata Construction Group компаниясының экс-министр Қуандық Бишімбаевқа тиесілі екенін мәлімдеген. Дегенмен компанияның өзі кейін бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
eGov.kz деректері бойынша, Sensata Construction Group Асқар Дүйсенбаев пен Тасболат Абдуллинге тиесілі. Дүйсенбаев туралы ашық дереккөздерде ақпарат жоқ. Абдуллин BI Group Development-тің даму жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары болғаны мәлім.
2012 жылдан бері компаниялар тобы түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың сайтында құрылыс, инвестиция, өндіріс, тіпті жер қойнауын игерумен айналысатыны көрсетілген.