Freedom Bank-тің ипотека беру қызметін жасанды интеллект қалай өзгертті

Жарияланды 11 Қыркүйек 2025 09:14

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

Шеф-редактор a.tolendi@kursiv.media
Жасанды интеллект Freedom Bank-тің ипотека беру қызметін қалай өзгертті / Фото: Shuttertsock

Freedom Bank жылжымайтын мүлікті бағалау қызметін автоматтандырғаннан кейін, 7 айда 1 миллион ипотекалық өтінімді өңдей алды. Бұл туралы Freedom AI Talk талқылауы барысында банктің директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов айтты. Оның сөзінше, клиенттер үйде отырып емес, бөлімшеге келіп өтінім берсе, мұндай көлемді жұмысты атқаруға ондаған жылдар кететін еді.

Жұмағұловтың сөзінше, салада алғашқы болып автоматтандыру жүйесін енгізу арқылы компания нарықтағы үлесін көбейте алды. Себебі осыған дейін ипотека алғысы келген адам бірнеше ай бойы банкке өзі барып, әрбір әрекеті үшін қосымша бірнеше күн жұмсайтын болған. Ал іске Freedom Bank-тің автоматтандырылған жүйесі кіріскенде, өтініш жіберу, мүлікті бағалау сынды қызметтердің көпшілігін үйде отырып істеу мүмкіндігі пайда болған.

«Яғни банктер ондаған жылдар бойы жүріп өткен жолды біз 7 айда өткердік», – деп атап өтті Жұмағұлов.

Оның айтуынша, негізгі шешім жасанды интеллект элементтері бар жылжымайтын мүлікті онлайн бағалау жүйесін енгізу болды. Енді сарапшы атап өткендей, алгоритмдер пәтердің құнын анықтау үшін үйді, оның орналасқан ауданын, қаласын ескереді. Тіпті алаяқтық схемалар мен қайталанатын жарнамаларды айналып өте алады.

Жұмағұлов банк автоматтандыру қызметінсіз мемлекеттік бағдарламалар бойынша жоғары сұранысқа ие ипотекалық қызметті жылдам көрсете алмайтынын атап өтті.

«Біз жеті айда миллион онлайн өтінім алдық. Егер бұл процесс интеллектісіз, қолмек жасалса, олардың барлығын өңдеу үшін бізге ондаған жылдар қажет болар еді», – деді Жұмағұлов.

Ол технология өтінімдерді мақұлдау мерзімдерін қысқартуға және процесті клиенттер үшін барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік бере отырып, банк жұмысының тиімділігін арттырудың негізгі құралына айналғанын атап өтті.

2025 фискалдық жылдың қорытындысы бойынша (2024 жылдың сәуірінен 2025 жылдың наурыз айының соңына дейін) Тимур Турловқа тиесілі Freedom Holding Corp. кірісі 2,1 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға артық. Холдингтің таза пайдасы 84,5 млн доллар болса, активтер 8,3 млрд доллардан 9,9 млрд долларға дейін өсті (жылына+19%).

Қазақстанда холдинг Freedom Broker және Freedom Finance Global брендтерімен брокерлік қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, Freedom Holding Corp. құрамына кіретін өзге де еншілес ұйымдар бар, мәселен, Freedom Bank және Freedom Insurance пен Freedom Life сақтандыру компаниялары және т. б. 

Сондай-ақ оқыңыз