
ForteBank бастапқы немесе екінші нарықтан баспана сатып алуға арналған жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосты. Бұл туралы Telegram-дағы «Казахстан подешевле» арнасы хабарлап, ақпаратты банк растады.
Ипотека бойынша бастапқы жарна тұрғын үй құнының кемінде 30%-ын құрауы тиіс. Қарыз сомасы — 100 млн теңгеге дейін, ең ұзақ мерзімі — 15 жыл. Жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген болуы қажет.
Несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) бастапқы жарна көлеміне байланысты:
- 50% жарна енгізгенде — 7,48%;
- 40% жарна енгізгенде — 10,79%;
- 30% жарна енгізгенде — 13,05%.
Ипотеканы рәсімдеу тек банк бөлімшесінде жүргізіледі және бұл үшін комиссия алынбайды. Бастапқы жарна ретінде зейнетақы жинақтарын пайдалануға рұқсат етілмейді. Сыйақы мөлшерлемесі қарыздың толық сомасына есептеледі.
Еске салсақ бұған дейін Отбасы банк 2025 жылдың қыркүйегінде «Ұмай» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылады деген ақпаратты жоққа шығарған болатын.