Қаржы министрлігі 20 млн қазақстандықтың цифрлық құжаттамасын жасады

Жарияланды 19 Қыркүйек 2025 14:37

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Жанель Жазетова

Жанель Жазетова

Business News
Фото: ашық дереккөзден

Қаржы министрлігі президент Тоқаевтың тапсырмасымен жаңа цифрлық жобаларды әзірледі. Жоба Электронды қаржы орталығында таныстырылды. Соның ішінде Қазақстанның 20 млн тұрғыны туралы деректер базасы бар.

Smart Data Finance

Жобалардың бірі – Smart Data Finance жүйесі. 70-тен астам дереккөз бен база мәліметтерін біріктіріп, қазірдің өзінде іске қосылды. Бұл жүйе әрбір салық төлеушінің цифрлық құжатын жасайды. Ол құжатта мүлік, бизнес, салықтар, мемлекеттік сатып алуларға қатысу, қолдау шаралары және кадрлық көрсеткіштер туралы ақпарат бар.
Қазірдің өзінде:

  • 1,9 млн жеке кәсіпкерге,
  • 584 мың заңды тұлғаға,
  • 20,4 млн азаматқа құжаттама жасалған

Министрліктің айтуынша, осы деректер негізінде салық автоматты түрде есептеліп, уақтылы төленуі қадағаланады. Сондай-ақ, бюджет кірістерін болжау, салалар мен өңірлердің салықтық әлеуетін анықтау мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы

Электронды қаржы орталығы бюджет қаражатының қозғалысын онлайн көрсететін цифрлық картаны жасады. Оған қоса, 15 млн-нан астам атауы бар ұлттық тауар санаты құрылды. 2026 жылдың қаңтарынан бастап оны пайдалану міндетті болады. Бұл бухгалтерия, статистика, мемлекеттік сатып алу мен кеден үшін бірыңғай анықтамалық болады. Сондай-ақ көлеңкелі айналымды азайтып, адал бәсекеге жол ашады.

е-Tamga және Keden

Министрлік салық пен кеденді цифрландыруға арналған жаңа құралдар енгізіп жатыр.
е-Tamga – жалған шот-фактураларды бұғаттайды және «бір күндік» фирмаларды анықтайды.
Keden – кедендік процестерді автоматтандырып, жасанды интеллект элементтерін қолданады.

Кәсіпкердің жеке кабинеті

Бизнес үшін Бірыңғай жеке кабинет іске қосылды. Ол портал және мобильді қосымша түрінде жасалған, мұнда Қаржы министрлігінің барлық қызметі бір жерде топтастырылған.

Бюджеттік жоспарлауға жобалар мен шығындарға арнайы бірегей код енгізілді. Бұл қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Әр мемлекеттік орган үшін цифрлық бейне жасалды: онда олардың кірістері мен шығыстары онлайн көрсетіледі.
Ал бюджет пен бухгалтерияға арналған онлайн-мониторинг жүйелері күмәнді операцияларды анықтап, биылдың өзінде 800 млн теңгені бюджетке қайтаруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыз