
Венгриялық OTP Bank Қазақстан нарығына кіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Венгриядағы Қазақстан елшісі Абзал Сапарбекұлы айтты.
«Қазір венгриялық компаниялармен келіссөздер жүріп жатыр. Қазақстан нарығына Венгрияның ең ірі банкі – OTP Bank шығу жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Сонымен қатар елімізге венгриялық телекоммуникация және ғарыштық IT-компания келіп, «Қазақстан ғарыш сапары», «Қазақтелеком» кәсіпорындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық туралы келіссөздер басталды. Бұдан бөлек, мұнай-газ саласында жұмыс істейтін MOL компаниясы Қазақстанның газ секторына ірі инвестициялар тарту бойынша келіссөздер жүргізуде», – деп атап өтті елші.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова еуропалық қаржы ұйымы Қазақстандағы банкты сатып алуы мүмкін деген еді. Бірақ нақты қай банк келетіні жайлы айтпады.
Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың пікірінше, келеді деген OTP банкі Қазақстандағы Forte Bank-ты сатып алуы мүмкін.
«Реттеуші шығыс еуропалық банк Қазақстандағы ірі банкті сатып алғысы келеді деді. Егер алғашқы ондықтағы банктерді қарасақ: Halyk олар үшін тым ірі, Kaspi тым қымбат әрі өзі банктерді сатып алып жүр. BCC мүлде болмайды, акционерін жақсы білемін. Jusan жақында ғана сатылды, Еуразиялық та екіталай, себебі акционерлер арасында дау бар. Береке банк жақында ғана катарлықтарға өтті. Сонда РБК мен Forte қалады. Егер бұл OTP болса, ал бізге келуі мүмкін жалғыз солар, демек әңгіме Forte туралы», – деп жазды ол Threads-тегі парақшасында.